Басты бетЖаңалықтарФутболдан әлем...

Футболдан әлем чемпионаты-2022: Қазақстан Босния және Герцоговинамен тең түсті

Кездесуде алаң иелері алғашқы минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Қос қанаттан бірнеше мәрте шабуыл ұйымдастырды. Оған қазақстандық футболшылар лайықты тойтарыс берді. Осылайша бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде босниялық құрама алға қарай ұмтылды. Десе де қарсы шабуыл ұйымдастырған қазақстандық құрама есеп ашып кетті. Оны 51-минутта жартылай қорғаушы Исламбек Қуат өзінің еншісіне жазды.

Ал 74-минутта Қазақстан құрамасының қақпасына пенальти белгіленді. Оны босниялық Миралем Пьянич мүлт жіберген жоқ. Оның әріптесі Лука Менало 85-минутта бұрыштамадан әуелете берілген допты қақпада тулатты. Ойынның 94-минутында қазақстандық Бактиёр Зайнутдинов таразы басын теңестірді.

Осылайша Қазақстан қарсыласымен 2:2 есебімен тең түсті. Айта кетсек, бұған дейін екі құрама бірде-бір мәрте кездескен жоқ. Бүгін тұңғыш мәрте шеберлік байқасты.

Сондай-ақ, бүгін аталған топта Франция өз алаңында Финляндиядан 2:0 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары — Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.

Енді алдағы ойын 9 қазанда жалғасады. Бұл күні Қазақстан өз алаңында Босния және Герцогвина командасын қабылдайды.