Семейде кәсіпкер 17 ағашты заңсыз кескен

Қазіргі уақытта ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 340-бабы бойынша із қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Белгілі болғандай, 1 қыркүйекте жанармай құю бекетінің жанында 51 жастағы ер адам 17 теректі заңсыз кескен екен. Кәсіпкер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен ешқандай рұқсат алмаса да, сол жерге автотұрақ салмақ болған.

Аталған азамат 2021 жылдың 18 маусымында ТҮКШ бөліміне Бозтаев көшесіндегі ғимарат маңындағы 17 ағашты кесуге рұқсат беру туралы өтініш жазған. Алайда 23 маусымдағы жауапта «E.license» порталында көрсетілген қажетті құжаттар тізімі толықтай ұсынылмағандықтан оған рұқсат берілмеді, − делінген Полиция департаментінің ақпаратында.