Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат комитетінің жауапты қызметкерлері The Village Kazakhstan редакциясына қажетті көмек беріп, болған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында редакциямен, сонымен бірге мақала авторымен байланысқа шығып отырмыз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуге жол берілмеуге тиіс деген қағиданы ұстанады, — делінген ведомствоның Telegram-каналында жарияланған хабарламада.
Министрлік өз тарапынан журналистердің құқығын қорғау үшін көмектесуге дайын екенін хабарлады және ақпараттың шынайылығына материал жариялайтын БАҚ, сонымен бірге материал немесе жарияланым авторы жауапты екенін еске салды.
Барлық журналистен кейіпкерлердің жеке өміріне зиян келтірмеу үшін этика нормаларынды сақтауды сұраймыз, — деп жазды министрлік.
Ал журналист Әсем Жәпішева ақпарат және қоғамдық даму министрімен де, ведомство өкілдерімен де байланыспағанын айтты.
Жоқ, мен министрліктен ешкіммен сөйлескен жоқпын. Мүмкін, редакциядағы біреумен сөйлескен шығар, бірақ күмәнданамын, — деді Әсем Жәпішева Baribar.kz тілшісіне.
Мақала авторы «Қазір қорқыту, бопсалау тыйылды ма?» деген сұрағымызға «Білмеймін, телефоным өшірулі» деп жауап берді.
The Village Kazakhstan порталының негізін қалаушы Айсана Әшім де министрмен, министрлік өкілдерімен сөйлеспегенін айтты.
Бізге Facebook арқылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-пен өзара іс-қимыл департаменті хат жазды. Қысым туралы толық білуі үшін олармен байланысуымызды өтінді, бірақ біз олай етпедік, өйткені өз жұмысымыздан босамаймыз және бізге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кенеттен көмектеспек болғанына күмәнмен қараймыз. Мұндай ешқашан болған емес, қазір неге олай жасап отыр? Министрлікпен сөйлескен жоқпыз, өйткені олардан бұған дейін де, бізді бұғаттаған кезде ешқандай көмек болған жоқ. Жақында министрлік бізді Қылмыстық кодекс баптары бойынша айыптап, материалдарды өшіріп тастауды ескертіп, екі рет жазды, — деді ол Baribar.kz тілшісіне.
Айсана Әшім редакцияға жасылып отырған қысым мен шабуылды тоқтатуды, сонымен бірге халықтың зәбір көрген отбасыға пәтер сатып әперуіне рұқсат етуін талап етті.
Оларды (зорланған бала мен оның анасын — ред.) Аружан Саин ұстап отыр ғой, ешкімнің көмектесуіне мүмкіндік бермейді, олар қашанға дейін волонтерлармен бірге өмір сүре береді? Материал шыққанға дейін біз Аружан Саинға бірнеше рет хабарластық, бірақ ол бізді елеген де жоқ. Ең қызығы, Аружан Саин біздің БАҚ-ты оған және оның қорына қарсы жүйелі түрде жала жауып отыр деп айыптады, бірақ біз бұған дейін ештеңе жазған жоқпыз және бұл мақалада ол туралы көп ақпарат та жоқ. Бұл айыптау да — жала, — деді Айсана Әшім.
Айта кетейік, кеше The Village Kazakhstan редакциясына шабуыл жасалып жатқаны хабарланды. Белгісіз біреулер редакциядан және журналист Әсем Жәпішевадан резонанс тудырған «Мальчик из Абая: Как живут пострадавшие от насилия спустя три года» материалын өшіріп тастауды талап еткен.
Бұл мақала — Түркістан облысының Абай ауылында 3 жыл бұрын зорланған баланың отбасы және олардың қазіргі өмірі туралы.