Шетелде медиа халық ақшасына күн көреді

Қазір адамдардың медиасауаты біртіндеп ашылып жатыр. Бұрын fake news, кликбейт, манипуляция дейтін сөздер көп айтылмайтын.  Ал қазір тексерілмеген ақпарат тарататын редакцияға халық тарапынан наразылық өскенін байқауға болады. Сол себепті редакция фактчекке көп мән беруі керек. Өйткені медиаға бір рет алданған адамның оған қайта сене қоюы екіталай.

Сонымен бірге медиа оқырманға барынша ыңғайлы болуы керек. Жаңалықты сайттан оқу — бұрынғы формат. Сол себепті сайттағы трафик туралы ұмыту керек, қазір әлеуметтік желі бірінші орынға шығып жатыр. Жаңалықты көбі әлеуметтік желіден, соның ішінде Telegram-нан оқиды.

Қазақстанда журналистиканы «тұншықтырып», оны әлсіреткен кем дегенде 10-ға жуық заң бар. Дәурен Абаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған тұста қабылданған БАҚ туралы заң журналистиканың еркін дамуына кедергі келтірді.

Қазақстанда тәуелсіз медиа аз, тіпті жоқ деуге болады. Медиа-менеджер немесе бизнесмен ретінде өз ақпарат құралыңды ашқың келсе, онда көп ақшаң немесе демеушің болуы керек, шетелден қаржы көзін іздеуің қажет, болмаса мемлекеттік тапсырысқа сенім артуға тура келеді.

Мысалы, Vласт.kz-ті тәуелсіз медиа деп атауға болады. Сайттың бас директоры Вячеслав Абрамов бірнеше жыл бұрын қаржыландыру жағы қиын тиіп жатқаны себепті ақпарат құралы жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтты. Сол кезде редакция оқырманды сайтқа ақша төлеп, жазылуға шақырды. Кейін бұл тоқтап қалды. Мұндай нәрсе шетелде дамып жатыр. Ондағы ірі медиа компаниялар оқырманның ақшасына күн көреді. Оқырман ай сайын медиаға 1-2 доллар бола ма, одан көп бола ма, ақша беріп тұрады. Халық журналистиканы осылай қолдайды. Қазақстанда мұндай тренд әлі қалыптаспады. Журналистердің өзі халықты осы нәрсеге үйретуі керек. Адамның медиасауаты артқан кезде мұның қандай қиын жұмыс екенін және қаншалықты көп ақша мен ресурс қажет ететінін түсіне бастайды. Сол кезде ғана олар медиаға көмектесуге ұмтылады.

Мысалы, Nur.kz порталы жазған әр ақпарат көп оқылуы, қаралуы мүмкін, бірақ оны оқитын аудиторияны адал деп айта алмаймыз. Мәселе осында. Егер Nur.kz жабылып, бірақ дәл сондай екінші сайт болса, адамдар кейінгісіне көшіп кетеді. Өйткені порталдың жанашыр аудиториясы жоқ.

Қазақ сайттары субъектив нәрсені көп жазады

Қазір Қазақстандағы журналистика өте қиын жағдайда. Тәуелсіз зерттеу, материал дайындау оңай емес. Өйткені елдегі кез келген мемлекеттік органнан ақпарат алу қиын. Журналист бюджет туралы, шенеуніктер туралы, олардың жалақысы туралы ақпаратқа қол жеткізе алмайды.

Егер журналист қандай да бір адамның тарихын зерттегісі келсе, ол жағы да қиын. Жаңа заң бойынша бұған құқыңыз жоқ. Егер біреу туралы жазар болсаңыз, әуелі өзінен рұқсат алуыңыз қажет. Бұл миға сыймайтын нәрсе тәуелсіз журналистиканы «өлтіреді».

Қазақ тіліндегі сайттар кликбейт немесе субъектив нәрсені көп жазады. Журналист этикасы дегенді білмейді. Қарапайым мысал. «Гарвард университетінің биолог ғалымы Чарльз Либер тұтқындалды. Оған коронавирусты жасап шығарды деген айып тағылды». Осы тақырыппен тараған жалған ақпарат медиакеңістікті, соның ішінде Қазақстандағы БАҚ-ты дүр сілкіндірді. Fake news-ті қазақ тіліндегі көп ақпарат құралы тексерместен жариялап жіберді. Менің білуімше, сол кезде «Айқын» ғана кінәсін мойындады. Қалғандары журналистика этикасына пысқырып та қараған жоқ. Өшіріп тастаудың өзі жетістік боп көрінді, өйткені әлі күнге дейін бұл ақпаратты өшірмеген медиаресурстар да бар.

Сосын қазақ тіліндегі сайт материалдары тақырыбында міндетті түрде сұрақ немесе ұран болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Бұл — қате. Журналистің мақсаты — дисбалансты сақтап, ақпарат беру. Шешім шығару оқырманның немесе көрерменнің еркінде. Мысалы, өзім — оппозиция белсендісімін, оған қоса журналиспін. Кейде екеуі араласып кете жаздайды. Билікті сынап, ұрсып тастағым келеді, бірақ екі жақтың да пікірін беруге тырысамын.

Журналист аудиториясына жақын нәрсені жазуы керек

Бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2 жыл бұрын мемлекеттік тапсырыс туралы мәліметті коммерциялық құпия деді. Бірақ қандай коммерциялық құпия екенін ешкім түсінген жоқ. Бұл — бюджет ақшасы. Бюджет ақшасы болған жерде ешқандай құпия болмауы керек. Қазір қай медиа мемлекеттен қандай көлемде ақша алып жатыр, оны білмейміз. Оқырман ретінде қай материалда мемлекеттің үгіт-насихаты бар екенін де түсінбей жатамыз.

Сол себепті оқырман жан-жақты болса, әртүрлі медианы оқыса деген арманым бар. Билікке қарсы адам сөзсіз оппозиция басылымдарын оқиды. Ал бұл адамның тек біржақты ойлауына себеп болады. Аудитория ағылшын тілін меңгеріп, сол тілдегі медианы оқыса деймін, сонда көзі ашылып, айырмашылықты түсінер еді.

Батыс елдеріндегі медиа оқырман портретін жасап алады. Мысалы, бізді 30-35 жасқа дейінгі азаматтар оқиды, білімі орта, мынадай жұмыс істейді деп суреттейді. Қандай мақала жазса да, осы портрет көз алдында тұрады. «Осыны жазсам, бұл адамға қызық бола ма, пайдасы тие ме?» деп ойлайды. Егер олай болмаса, мүлдем жазбайды.

Орысша сөйлейтін аудитория кітап бола ма, газет-журнал, портал бола ма, аптасына кем дегенде 3 сағат оқиды. Ағылшын тілінде сөйлейтін аудитория одан да көп оқиды — 5-10 сағат аралығында. Қазақша сөйлейтін аудитория аптасына 40 минутқа да жетпейтін уақыт оқиды. Аптасына 40 минут оқу деген дым емес. Сол себепті оқу әдетін қалыптастыру керек. Журналистер бұл әдетті Қайрат Нұртас туралы жаңалық жазудан емес, аудиторияға жақын нәрсені жазудан бастауы керек. Әр нәрсенің басын шалмай, нақты бір саланы қолға алуы қажет.