Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің және Қазақстан азаматтарының атынан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевті және өзбек халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, жеделхат жіберді.
Бауырлас Өзбекстан бұл айтулы күнге ұлттық біртұтастығымен, экономикалық дамуының жоғары қарқынымен және әлемдік қоғамдастықта лайықты беделімен қуатты әрі өркендеген мемлекет ретінде жетіп отыр. Өзбек халқы сіздің жасампаздық саясатыңыз бен табысты жүзеге асып жатқан ауқымды реформаларыңызды қолдай отырып, тұрақты даму жолын жалғастыра беретініне сенімдімін, — делінген мемлекет басшысының жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тарихы терең стратегиялық ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
Сізбен бірлесіп атқарып жатқан жұмысымыз екіжақты деңгейде де, аймақтық және халықаралық ынтымақтастық аясында да Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылындағы зор әлеуетті толық іске асыру үшін қызмет ететініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиеевке жауапты мемлекеттік қызметте табыс, бауырлас Өзбекстан халқына өркендеу мен өрлеу тіледі.
