Президент: Қазақ тілінің өрісі тым шектеліп келе жатыр деуге негіз жоқ

Президент адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсіткендер заң бойынша жауапқа тартылатынын айтты.

Қоғамдағы бірлік пен келісімді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі керек. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз. Заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келе жатыр. Жалпы, мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп келе жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл — қазақ тілі, — деді президент Қазақстан халқына жолдауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге еліміздегі әрбір азамат қазақ тілін үйрену керек екенін, ал орыс тілін білгеннен ешкімнің ұтылмайтынын айтты.

Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін үйренсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет. Еліміз өркениетті диалог пен өзара сыйластық мәдениетін дәріптеуі керек. Қазақстан халқы ассамблеясының бұл саладағы рөлі айрықша. Біз Отанымыз және барлық азаматымыз үшін жауапкершілікті сезінуіміз қажет, — деді мемлекет басшысы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да