Асқар Мамин ЕАЭО елдерін вакцинация паспортын өзара мойындауға үндеді

Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

Жұма күні Асқар Мамин Қырғызстанда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты. Ол одаққа мүше елдер дағдарыстың ең қиын кезеңін еңсергенін айтты. Сондай-ақ COVID-19-дан аса зардап шеккен экономика салаларын, әсіресе, туризмді дамыту керектігін атап өтті.

Премьер-министрдің атйуынша, бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі — вакцинация паспортын өзара мойындау. Карантин режимі жеңілдетілген бірлескен туристік аймақтар қалыптастыру да өзекті. Мамин вакцина салдырған туристердің ЕАЭО аясында еш кедергісіз сапар жасауы үшін цифрлық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін алға тартты.

Туризмдегі белсенділікті қалпына келтіру шұғыл түрде қолға алынбаса, саланың ұзақмерзімді әлеуеті төмендейді. Инвестиция мен адами капитал жоғалуы мүмкін, — деді ол.

Асқар Мамин
Фото: Primeminister.kz

ЕАЭО Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің отырысы бейсенбі, жұма күндері Қырғызстанның Чолпон-ата қаласында өтті. Шара қорытындысы бойынша көлік, тарифтік реттеу, сауда кедергілерін жою және цифрлық трансформация саласында бірқатар құжат қабылданды.