Батыс Қазақстандағы 6 мұнай ұңғымасы жойылады

Серікқали Брекешевтің айтуынша, 2010-2021 жылдар аралығында апаттық жағдайдағы мұнай ұңғымаларын жою үшін ел аумағында зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде, 132 апаттық мұнай ұңғымасы анықталып, 126-сы мемлекеттік бюджет есебінен жойылды.

Тағы 6 ұңғыманы жою қажет. Ақтөбе – 3, Атырау – 1 және Маңғыстау облысында 2 апаттық жағдайдағы ұңғыма бар. Оларды жою 2023 жылы басталады, − деді Серікқали Брекешев.

Сонымен бірге министрлік өкілі қала құраушы кәсіпорындарды кен қорымен қамтамасыз ету мәселесі қазір өзекті екенін және оны бірнеше рет талқылағанын жеткізді.

Басты мәселе − пайдалы қазбалар қоры баяу толығып жатыр. Геологтар арасында жазылмаған ереже бар. 1 тонна өндірсең, орнын екі тонна қормен толтыру керек. Бүгінде қатты пайдалы қазбаларды өндіру көлемі мен толығудың арасындағы өсу коэффициенті орташа есеппен 0,13, мұнай қорының толығу коэфиценті – 1,5, − деді Серікқали Брекешев.

Десе де, елдегі кен қоры ортайып бара жатқанын Қашағандағы мұнайдың қоры білдірмей тұр.

Бір қарағанда өсім жаман емес сияқты. Бірақ бұған негізінен Қашаған кен орны есебінен солай болып отыр. Қашаған болмаса, кен қорының толығу коэффициенті 0,9 белгісінде болар еді. Бұл мәселені шешу үшін жаңа перспективалы учаскелерді жедел анықтап, ескі кен орындарын жете барлау қажет. Геологиялық барлауға жеке инвесторларды тарту керек. Өйткені жаңа кен орнын ашқаннан кейін оны іске қосу үшін кемінде 10-15 жыл керек, − деп қорытындылады вице-министр.