«Қазақстан мұғалімі» қандай байқау?

«Global Teacher Prize» жобасы — Нобель сыйлығының мұғалімдер арасындағы аналогы. Бұл байқауға дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ең үздік педагогтары қатысады. Онда мұғалімнің білімі, дәрежесі, жеткен жетістігі, дәріс өту әдісі, оқушылармен байланысы, тәлім берген балаларының жетістігі, педагогтың жаңа технологияны қалай қолданатыны, қоршаған ортаға қандай пайдалы іс атқарып жатқаны сараланып, бағаланады. Жеңіске жеткен мұғалімге берілетін сыйақы мөлшері — 1 миллион АҚШ доллары.

2019 жылы Әлеуметтік маңызды бастамаларды дамыту қорының негізін қалаушы Әлия Назарбаева халықаралық “Global Teacher Prize” премиясын ұйымдастырушыларымен мемерондумға қол қойып, нәтижесінде елде «Қазақстан мұғалімі» жобасы қолға алынды. Мақсаты — педагог мәртебесін арттыру және олардың ғаламдық жарыстарға қатысуына мүмкіндік беру. «Қазақстан мұғалімі» байқауынан жеңген педагогтар дүниежүзі бойынша өтетін «Global Teacher Prize» жобасына жолдама алады.

Меніңше, біздің еліміздің мұғалімдері де әлем деңгейіндегі байқауларға қатысуға, онда өзін көрсетуге лайық, — дейді «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ЖҚ Ермек Мәжитов.

«Қазақстан мұғалімі» байқауына қалай қатысуға болады?

Бұл байқауға Қазақстандағы кез келген мұғалім Білім және ғылым министрлігі немесе мектеп басшлығынан рұқсатнама, ұсыныс хат жаздырмай-ақ, өз қалауымен қатысуына болады. Өтінім қабылдау сәуірде басталды және 15 тамызға дейін жалғасады.

Арнұр Қазыбеков, мұғалім
Фото: «Әлем мұғалімі — 2021» байқауына жолдама алған педагог Арнұр Қазыбеков пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

«Әлем мұғалімі» премиясына қанша педагог жолдама алады?

«Қазақстан мұғалімі» премиясына қатысушы педагогтарды тәуелсіз төрешілер бағалайтын болады. Ең әуелі олар үздік 50 мұғалімді анықтайды. Кейін байқау финалына жеткен ең үздік 10 педагогтың кім екенін шешеді. Нәтижесінде финалистер Алматыда өтетін марапаттау рәсіміне шақыртылып, «Қазақстан мұғалімі» сыйлығына және «Әлем мұғалімі» премиясы жолдамасына ие болады. Амбассадор және «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазына 10 мың АҚШ доллар беріледі. Қалған 9 финалиске бағалы сый тарту етіледі.

Үш мақсатымыз бар. Біріншісі — Қазақстан мұғалімдерінің дүниежүзі бойынша ең үздік 50 педагог қатарына енуі. Екіншісі — әлем бойынша ТОП-10 мұғалімнің қатарында болуы, үшіншісі — еліміздің педагогы «Әлем мұғалімі» премиясының иегері атануы, — дейді Ермек Мәжитов.