Дүниежүзілік «Global Teacher Prize» байқауы 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал бұл сайысқа жолдама беретін «Қазақстан мұғалімі» жарысының өтіп жатқанына екі жыл болды. Басты мақсат — ең үздік мұғалімдердің еңбегін әлемге таныстыру.

Финалист Арнұр Қазыбековтың айтуынша, ғылымда Нобель сыйлығын, ал педагогтар арасында «Global Teacher Prize» премиясын алу ең үлкен мәртебе ретінде бағаланады екен.

Жалпы, бұл байқауды ұту өте қиын. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен мұғалімдер қатысады. Сонымен бірге Нобель сыйлығы секілді сыйақысы да жақсы. Жеңімпазға 1 миллион АҚШ доллары беріледі.  Іріктеу сайысына Қазақстаннан 300-400 адам қатысты. 10-ы ғана іріктелді. Сол ондықтың қатарында болғаныма қуаныштымын, — дейді физика пәні мұғалімі.

Байқау мұғалімдерді жан-жақты сынайды екен. Оқушылармен жұмыс істеу әдісі, сабақ өту барысында өзіне тән ерекше инновация технологияларын қолдануы, сабақ беру үлгісі, өзінің және оқушыларының жетістігі, білім дәрежесі — барлығы сараланады.

Құжат толтыру процесі де ұзақ әрі күрделі. Түйіндеме толтырдық, 11 эссе жаздық. Ата-ана, әріптестер мен оқушылар да қатысушы ұстаз туралы рецензия жазады, — дейді мұғалім.

Дегенмен қатысушыларға қойылатын ең басты талап бар. Ол — мұғалімнің айналасындағы қоғамды өзгертуге үлес қосуы. Яғни педагогтың сабақтан тыс ерекше жұмысы болуы қажет.

Осыған дейінгі жеңімпаздарды қарасаңыз, әрқайсының өз тәжірибесі мен ерекшелігі бар. Мысалы, былтыр Пәкістан мен Үндістан шекарасындағы ауылда тұратын мұғалім жеңіске жетті. Ол кісі тұратын аймақта қыздарды тұрмысқа ерте шығуға мәжбүрлейді екен. Мұғалім бұл проблеманы өзінше шешуге тырысқан. Қыздарға білім беріп, университетке түсуге көмектесіп, ерте жастан тұрмысқа шықпауға жағдай жасауға тырысып баққан. Байқауда осы еңбегі ерекше көзге түсіп, бағаланды. Байқсаңыз, әр жылы жеңген педагогтар — қоғамға пайдасын тигізуге, оны жақсартуға ат салысқан жандар.

Арнұр Қазыбеков, мұғалім
Фото жеке архивінен

Арнұр өз жұмысының ерекшелігі халыққа ғылымды дәріптеу екенін айтты.

Біздің адамдар ғылымға қызықпайды. Оны қиын әрі қызықсыз санайды. Тіпті Instagram желісіндегі қазақстандықтардың оқитын парақшасының басым бөлігі — өсек-аян, жұлдыздардың өмірі. Өкінішке қарай, бұл нәрсе жастардың арасында да трендке айналып кетті. Физика және жаратылыстану пәнінің мұғалім ретіндегі ендігі ең басты мақсатым — осы трендті жойып, қарапайым халыққа ғылымды қызық әрі түсінікті тілде жеткізу.

Жас педагог осы мақсатын жүзеге асырып келеді. Қазір Youtube-та «mckvadrat» деп аталатын жеке арнасы бар. Эйнштейннің бұл формуласы көпке танымал болғандықтан, арнаны осылай атапты. Арнұр онда физикаға қатысты түрлі қызық эксперименттер жасайды, табиғаттың, жердің әдемі әрі әсем жерлерін көрсетеді. Сонымен бірге қызық фактілерді бөліседі.

Әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі ғылыми танымдық бағыттағы парақша аз екенін байқаған ұстаз Instagram-нан да парақша ашқан. Екі жылдан бері онда қазақша контент ұсынып отыр.

Халық жаппай ағылшын тілін біледі дей алмаймыз. Тіпті кей адам орыс тілін дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сол кісілерге жаратылыс, табиғат, заңдылықты қазақша түсіндіргім келеді.

Арнұр Қазыбековтың ұстаз қызметінде жүргеніне 11 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ол Ақтөбе, Атырау білім инновация мектептерінде, NURORDA мектебінде сабақ берген. Мұғалімнің айтуынша, ұстаз сабақ беру методикасына аса мән бергені жөн. Оқушыға ақпаратты жеткізу үшін түрлі әдісті қолданған дұрыс деп санайды. Мысалы, өзі ағылшындардың «case study» тәсіліне жүгінеді. Бұл — оқушының креативін дамыту үшін дәрісті өмірлік дағдымен байланыстырып оқыту.

Сабақ тақырыбы «центрге тартқыш үдеу» делік. Бірақ мен дәрісті «үдеу деген — …» деп бастамаймын. Себебі ондай жаттанды нәрсе балаға қызықсыз. Оның орнына проблемалық жағдаят беремін. Мәселен, ғарышта кеме бар. Гравитация болмағандықтан, кеме ішіндегі адамдар қалқып ұшып жүреді. Осы кезде балалардан «адамдар аяғына нық тұруы үшін жасанды гравитация жасайық. Ол үшін кеменің формасы қандай болуы қажет?» деп сұраймын. Сонда оқушылар өзінше ойланып жауабын табады.

Сонымен бірге педагог физика сабағына тарихи элементтерді қосу арқылы өтеді екен.

Көбіміз бір заңдылықты түсіндіру кезінде бірден оның не екенін, кім, қашан ойлап тапқанын айтамыз. Бірақ балалар бірден дұрыс жауапты қабылдағысы келмейді де, мұндай ақпарат жадында көп жағдайда сақталмай қалады. Жалпы, адам қатеге қарап түзеледі, соған қарап үйренеді емес пе? Сол себепті дәріс кезінде де тарихтағы түрлі нұсқаны көрсетуіміз қажет. Мәселен, ежелгі адамдар гравитацияны не деп санады, қалай қателесті, соны түсіндіру керек. Яғни ғылымның, физиканың дамуын сатылай көрсеткен абзал. Мұндай әдісте сториттеллинг форматын қолдануға тырысамын.

Арнұр Қазыбеков, мұғалім
Фото жеке архивінен

Оқушылар физика пәнінде лаборатория жұмысын жүргізе алуы үшін Қазақстан мектептері түрлі құрал-жабдықпен қамтылған. Бірақ Арнұр Қазыбеков дайын құралды емес, балаға оны өз бетінше жасауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды, керек-жарақты сатып алған жөн деп есептейді.

Дайын құрал-жабдықтар бар, алайда оқушылар оның іші қандай екенін, қалай жасалғанын білмейді. Информатика пәніндені arduino платформасын алайық. Оның керек-жарағы бар. Сонымен балалар өз бетінше құрылғы жасап көреді. Мен сабақта осы платформаның көмегіне жүгінемін. Жалпы оқушыға робот секілді фомуланы емес, концепцияны үйретеміз. Физикада концепцияны түсінген адам формуланы өзі-ақ тауып, жаттап алады. Меніңше, arduino платформасына қажет керек-жарақтар, дайын құралдан арзанырақ тұрады. Сондықтан қаражат жағынан қиын деп айту да әбестік болар. Мектептер осындай тәсілге көшкені дұрыс деп санаймын.

Пандемияға байланысты қазір Арнұр сабақты қашықтан өтіп жүр. Онлайн оқу кезінде Қазақстан мектептерінің білім сапасы күрт түскенін ол да байқаған. Содан педагог тек өз мектебінің оқушыларына емес, барлық қазақстандыққа қолжетімді болуы үшін видео сабақтар түсіруді қолға алған.

IV тоқсанда өтетін физиканың бүкіл тақырыбын бейнеге түсіріп, жүктеп, ашып қойдым. Бірақ күнделікті өмірде сабақты ағылшынша бергендіктен, онлайн дәрісім де сол тілде жазылған. Дегенмен арасындағы тәжірибелерді, қызықты мәліметтерді қазақша жазамын. Болашақта контентімді толық қазақша жасаймын деген жоспарым бар.

Ол шағын болса да, өз аудиториясы бар екеніне қуанады. Себебі мұны жастардың ғылымға қызығатының белгісі деп біледі.

Әрине, бір-екі күнде барлық адамды ғылымға қызықтыра алмаймыз. Дегенмен контент сапалы болса, осы мәселені шешуге тырысатын мұғалім көбейсе, бәрі мүмкін. Қазір оқушыларға «кел, класқа кір, сабақ оқы» деп отыратын заман емес. Керісінше, біз, мұғалімдер,  олардың әлеміне, мекеніне баруымыз қажет. Үйрететінімізді Сол жерде үйретуіміз керек. Сондықтан барлық ұстазды кластан шығып сабақ түсіндіруге шақырамын.