Хадиша Өмірәліқызы, 7 жаста:

Хадиша Өмірәліқызы. Фото жеке архивінен

«Маған көп ойыншық әпергенін қалаймын»

Әкем мен анашым көп ойыншық әпергенін қалаймын. Қуыршақ, LOL-қуыршақ, косметика әперсін. Youtube-те Ева, Настя деген қыздар бар. Олардың қуыршағы да, боянатын опа-далабы да көп. Солар сияқты болғым келеді. Қазір Фатима деген қуыршағым бар. Ол құран айтады, сол үшін ұнайды. Бұрын ойыншықтарым өте көп болды. Бір бөлмені алып жататын. Сосын үй сатып алған соң олардың жартысы қоқысқа тасталды, жартысын ауылдағы үйге апарып тастады. Апамдардың үйіне.

Ойыншығым көп болса, оларды жинап жүрем бе, шашып тастаймын ба — білмеймін. Үйді шашатын болған соң көп ойыншық әпермейтін шығар деп ойлаймын.

Планшетім бар, бірақ ол дұрыс істемей тұр. Соны жөндеп берсе немесе басқасын әперсе деймін. Сосын түрлі ойын жүктеп алып, ойнап отырамын. Бірақ әкем мен анашым ойынның зиян екенін айтады.

Анашым күнде бетімнен сүйгенін қалаймын. Сосын күнде құшақтасын. Мен бұзықпын, үйді шашып тастаймын, жинауға ерінем. Содан анашым ұрысады. Негізі ұрыспасын деп ойлаймын, бірақ ол кезде бұзық болмауым керек қой.

Анашым маған көп киім әпереді. Сосын бізде «Апорт» деген балалар ойнайтын жер бар. Соған апарады, ондағы аквапаркке де барамыз. Анашым мені солай қуантады. Ал әкем күнде құшақтайды, бетімнен сүйеді.

Сағынғали Серікжанұлы, 17 жаста:

Сағынғали Серікжанұлы. Фото жеке архивінен

«Әке-шешем мені ақылы бар ұл санайды»

Өмір деген — үлкен лотерея. Адамның жақсы немесе нашар отбасында тууы сәттілікке байланысты. Лотереядан ұтуға мүмкіндік көп болуы үшін әуелі баланы дұрыс жоспарлау керек, адам ісіне жауапты болуға тиіс. Менің ата-анамда жауапкершілік болды. Өйткені мен — үйдің бесінші баласымын. Алдымда төрт әпкем бар, сондықтан әке-шешемнің тәжірибесі мол кезде тудым.

Әпкелерім оқып шыққан мектепті бітіріп жатырмын. Ата-анам бұл мектепті «Мұғалімдері қандай екен, оқыту жүйесі жақсы ма?» деп таңдап жатпады. Үйге жақыны сол еді. Қазір «бұдан да жақсы мектепте оқи алар едім» деп ойлаймын.

Кішкентайымнан компьютерге қызықтым. Бірақ ата-анам «Ойын ойнап, алдынан шықпай қояды» деп компьютер әпермеді. Меніңше, ересектер баланы қолдау үшін ол қызығатын дүниенің маңызын түсінуі керек. Менің жағдайымда компьютердің қандай мүмкіндігі бар екенін, оны қандай мақсатта қолдануға болатынын білгені дұрыс еді.

Бала кез келген дүниені ата-анасына айта алуы керек. Қазақстанда баламен ашық сөйлеспеу қалыпты саналады. Ал олар менімен қыздар туралы сөйлескенін қалар едім. Екеуінің бұл тақырыпта тәжірибесі жетеді деп ойлаймын. Онысын маған айтса, пайдалы болушы еді.

Содан кейін «жаман болады» деген жауап бар. Не себепті жаман болатыны түсіндірілмейді. Тіпті қазбалап кетсең, «өскен соң білесің» дейді.

Дегенмен қазір ата-анам мені ақылы бар ұл санайды. Бұл үшін әпкелеріме ризамын, олар менің жеке тұлға болып қалыптасуыма көп әсер етті. Олардың маған қарым-қатынасын көрген әке-шешем де мені жеке тұлға санайды.

Ата-анам “жалғыз ұл” деп кішкентайымнан алақанында өсіріп келеді. Барлық еркелігімді көтерді. Бастауышта сабаққа ерте тұра алмайтын едім. Сонда анам мені ұйықтап жатқанда киіндіріп қоятын. Кешке басқа бөлмеде ұйықтап қалсам, төсегіме арқалап апаратын.

Қазір ата-анам маған сенеді. Мен үшін бұл өте маңызды. Алда ҰБТ келе жатыр, ата-анам тестілеуден өткенше мені үй шаруасынан босатса екен деймін.

Әсел Жүнісова, 25 жаста:

«Мені басқа туыстардан қорғаса екен деймін»

Ата-анамның мені қорғағанын қалаймын. Мысалы, туыстарым менен көмек сұрағанда ата-анам «Әселге тиіспей-ақ қойыңдар, өз жұмысын істесін» деп араша түссе деймін. Менталитет бойынша туыстар көмекті шектен шығып сұрап кетеді. Бар жауапкершілікті үйдің кенжесіне арта салу деген де бар.

Үйдің кенжесі болғандықтан туыстар ортасында өзімді қорғап сөйлей алмауым мүмкін. Мұндайды ересектер үлкенге қарсы келу деп біледі. Сол себепті менің орныма ата-анам сөйлесе, жақсы болар еді. Ал негізі ата-анамнан баласы ретінде алуым керек қамқорлық, қолдау жеткілікті.

Олар өзі үшін өмір сүруді бастаса, қуанар едім. Өзін бағалап, барлық ақшасын бізге жұмсай беруді қоятын уақыт жетті. Қаражатын ертеңгі жарқын күнге немесе «бірнәрсе болып қалса, керек боладыға» сақтамағаны дұрыс. Ата-анамның басқаның емес, өз көзқарасымен өмір сүргенін қалаймын. Өзгелер біздің отбасылы болып, әке-шешеміздің немере сүйгенін көргісі келуі мүмкін. Бірақ бұл – солардың қалауы. Ал ата-анам тек өз қалауымен өмір сүрсін.

Олар қартайып келе жатыр. Өзін, денсаулығын күтуі керек. Қазір қолға алмаса, кейін бәрібір салдары болады. Ол кезде бізге де оңай болмасы анық. Ата-анамның өзі үшін өмір сүріп жатқанын және денсаулығына қарағанын көру – маған тәжірибе. “Мен де солай өмір сүре аламын” деген сенім пайда болады.

Олар мені есейген адам санайды. Пікіріммен санасады, құрметтейді, әрқашан қолдайды. Арамыз сондай жылы. Күнде хабарласып, жазысып тұрамыз.

Ата-анам да, замандастары да «сені жақсы көремін» деген сияқты сөздерді айтуға қысылады. Онысын түсінемін. «Мама, сіздерді жақсы көрем» демейінше, өздігінен айтпайды.

Жақында анам жылқы етін беріп жіберді. Ресейден құрбым келген, соған ет пісіріп бер деді. Олардың маған ғана емес, достарыма да қамқор болатыны қуантады.

Өз ісімді бастаймын дегенде қаржылай да, мораль тұрғысынан да қолдауға әзір екені қуантты. Маған сенгеніне ризамын.

Дәурен Нұрлыбек, 29 жаста, үш баласы бар:

«Ата-анамыздан ақыл сұрағанда, білгенін айтса болды «

Ата-анамыздың бізге қарағанда өмірлік тәжірибесі көбірек қой. Әке-шешенің тілін ала беретін жастан әлдеқашан өтіп кеттік. Дегенмен отбасылы болып, үш бала өсірсем де әкемнен кеңес сұрап тұрамын. Жаңа көлік алайын деп жатсам да ақылдасамын.

Әйеліммен бір жаққа баратын болсақ, балаларымызды ата-анамызға апарып тастай аламын. Соған қатты қуанам. Ата-анам қала сыртында тұрады, хабарласпай-ақ барып, ұлдарымызды апталап қалдырып кетеміз. Кімге өтініш айтсақ екен деп бас қатырып жатпаймыз, жанымыз да тыныш.

Кішкентай кезімде досымның велосипеді болды, әкеме барып менің де алғым келетінін айттым. Базарға барды да, әперді. Есейген соң алғашқы көлігімді де әкем сыйлады. Алғаш үйленген жылдары материалдық көмек беріп тұрды.

Ата-анамыздан ақыл сұрағанда, құлақ түріп, білгенін айтса болды. Материалдық көмек сұрамаймын, керісінше оларға жақсылық ететін менің кезегім келді.