— Оралбек мырза, КурсANT білім беру орталығы нақты немен айналысады?

— «Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға», — дейді Абай атамыз. КурсANT білім беру орталығы бас ақынның сол дана сөзін арқау етіп, жастарға, оның ішінде мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге білім берудің түрлі саласын қамтып келеді.

Кішкентайларға санауды, жазуды, оқуды үйрететін арнайы интеллектуал курсымыз бар. Онда балалар жылдам оқуды, мнемотехниканы (есте сақтау қабілетін жоғарылату техникасы), менталды арифметиканы, көркем жазуды үйренеді. Оған бүлдіршіндер 4 жастан бастап қатыса алады.

Оған қоса, 5-7-класс оқушыларын Қазақстанның үздік мектептеріне дайындаймыз. 3 жылдан бері оқушыларға Назарбаев мектебіне, Білім инновация лицейіне, Республикалық физика-математика мектебіне түсуіне көмектесеміз.

Ал орталықтың негізгі бағыты — 10-11-класс оқушыларын ҰБТ-ға дайындау. Ұлттық бірыңғай тестілеу — мектеп түлектерінің ең маңызды қадамының бірі. Бұл оқушылар тұлға болып қалыптасудың соңғы қадамында жүргендіктен оларға тек білім беріп қоймай, сол түйгенін дұрыс пайдалануға, жақсы университетке түсуге, дұрыс мамандық таңдауға, өмірінде дұрыс шешім шығаруға үйрету — мақсатымыз.

— Орталықта қандай мамандар жұмыс істейді?

— Алматыда, Шымкентте және Түркістан облысында білім беру орталығымыз бар. Мұнда тәжірибелі педагогтармен қатар жас мамандар қызмет атқарады. Орталықта тұрақты жұмыс істейтін педагогтың көбі — оқуды енді бітірген немесе 4-курста оқып жүрген жастар. Мұның өз себебі бар. Өкінішке қарай, мектепте, университетте оқып жүргенде тәжірибелі мұғалімдер мен педагогика саласындағы қызметін енді бастаған жас мамандар арасындағы қарым-қатынас көбіне дұрыс қалыптаспайтынын байқаймыз. Сол үшін біз жас мамандарға шыңдалуға мүмкіндік береміз.

— Педагогтарға қандай талап қоясыздар?

Орталықтың негізін қалаушы ағаларымыздың айтуынша, КурсANT білім беру орталығының мұғалімдерінде 3 қасиет болуы керек. Біріншісі — тәртіп. Яғни педагогтан білімді, тәжірибелі, атақты болуын немесе үздік университетті бітіруін емес, тәртіпті, жақсы адам болуын талап етеміз. Тәртіпті адамнан үздік педагог дайындап шығаруға болады. Өйткені ол әрдайым оқып-тоқуға тырысады, дамуға ұмтылады, қызметінің маңызын түсінеді.

Екіншісі — білім. Педагогтың білім көкжиегі кең болуы керек және сол білімін оқушыларға бере алуы қажет.

Үшіншісі — энергия. Көбі жұмыс 18.00-де аяқталса, бірден үйіне қайтып кетеді. Жеке пікірім, біздің педагогтардың ондай болғанын қаламаймын. Олар педагогикаға өзін арнауы керек.

Сонымен бірге мұғалімдерден ұстаздықты сүюін, қызметін адал атқаруын, баланы жақсы көруге тырысуын, өз-өзін тоқтаусыз дамытуын талап етеміз.

— Қазіргі балаларды оқыту кезінде қандай әдістер қолданасыздар?

— Педагогика ғылымы адамзат пайда болғалы бар. Адамды үйрету, тәрбиелеу ғылымы ғасырдан-ғасырға, жылдан-жылға өзгеріп келе жатыр. Сондықтан мұғалім кез келген уақытта өз әдісін өзгертуге дайын болғаны дұрыс деп есептеймін. Қазіргі кезде оқушының оқуға деген ынтасын ашатын түрлі әдіс-тәсіл бар. Мәселен, «пряник пен кнут» әдісін алайық. Мұнда балаға мотивация бере отырып, оқуға деген құштарлығын оятамыз.

Кей оқушы мұғалімінен қорқып, енді бірі оқытушысын ұнатып оқиды. Баланың сол сезімін оқыту кезінде қолдануға болады. Мұны «жақсы және жаман полицей әдісі» деп атайды. Дегенмен кез келген әдісті асыра сілтеп қолдануға болмайды.

Сонымен қатар, білім беру кезінде жаңа технологияның маңызы зор. Бірақ технологияның ұтымды тұсын қанша айтсақ та, оны тиімді пайдаланып жатқан мұғалім аз. Жаңа технология оқушыны сабаққа қызықтыра алады. Мәселен, қарапайым Google-дің қосымшаларын пайдаланып, түрлі ойын ұйымдастырып, сабақты көңілді өткізуге болады.

Десе де білім берудің, тәрбиелеудің негізгі тамырларын ұмытпауымыз қажет. Өкінішке қарай, «біреудің қаңсығы біреуге таңсық» демекші, қазіргі жас мамандар батыс халқының барлық ашқан жаңалығы, әрекеті тиімді деп ойлайды. Біздің білім-ғылымымыз шынында төмен болса, әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлы тұлғаларымыз қайдан, қалай шықты? Осындай зиялы қауымның болуы — этнопедагогиканың да айрықша тұсының бар екенінің дәлелі. Сол себепті, өз басым, этнопедагогика бағытына да басымдық берген дұрыс деп есептеймін.

Оралбек Тоқтарбек
Фото жеке архиінен

— Ал бұрынғы мұғалімдер қолданған қандай әдіс-тәсіл қазір ескірген?

— Жалпы бұрынғы мұғалімдердің әдісін қате деп санауды, олардың еңбегін жоққа шығаруды құптамаймын. Бәлкім, олардың тәсілі өз заманында тиімді болған шығар. Құнанбай Абайға «Шамшырақтың түспейтін жері — түбі» деп айтқан. Сол секілді біз жарығымыз түспейтін жерді түсінбейміз.

Дегенмен, меніңше, ең ескірген әрі тиімсіз әдістің бірі — салыстыру. «Көрші бала алтын белгі алды, сен ше?» «Сенің жасыңда ол мына жетістікке жетті» деп баланы басқа  баламен салыстыру — әдепсіз дүние. Ол баланың тұлға ретінде қалыптасу жолында тек зиянын тигізеді.

— 11-класс оқушылары ҰБТ-ға дайындық кезінде не себепті түрлі курсқа қатыса бастайды? Бұл мектеп мұғалімдерінің әлсіз екенінің белгісі ме?

— Меніңше, оқушылардың 11-класта курстарға баруы — мұғалімдерінің әлсіз болуынан емес, мектеп бағдарламасының ҰБТ-ға бағытталмауынан. ҰБТ баланың мектепте алған білімін тексеруге арналған деп айтамыз. Бірақ олай емес.

Финляндияның білім саласына реформа жасаған тұлғалар: «Біздің алдымызда екі таңдау болды. Біз оқушыларды не өмірге, не емтиханға дайындауымыз керек. Біз өмірге дайындауды таңдадық», — деп айтқан екен. Қазақстан да сол бағытта жұмыс істеуге тырысып жатыр. Мектептегі кітаптарда өмірде пайдасы тиетін ақпарат көп. Бірақ ҰБТ-дағы сұрақтар мен мектеп бағдарламасы сай келмейді. ҰБТ — таза емтихан. Сол себепті оқушылар емтиханға дайындалу үшін курстарға қатысады.

— Жалпы Қазақстандағы педагогика саласына көңіліңіз тола ма?

— Елдегі педагогика саласының даму қарқынына көңілім толады, бірақ жалпы жағдайы, жеткен деңгейі төмен. Білім және ғылым министрлігіне Асхат Аймағамбетов келгелі, тестілеу орталығына Дидар Смағұлов директор болған кезде біраз оң өзгеріс болды. Электрон форматқа көшу, жемқорлықты жою жұмысы жақсы жүрді. Бірақ Дидар Смағұлов «ҰБТ-дағы жемқорлықты жоямын» деген мақсатын соңына дейін апармай, қызметінен кетті. Меніңше, енді сол бұрынғыдай ҰБТ нәтижелерінің сатылуы сияқты мәселелер қайта пайда болады.

Ал педагогика саласына түсемін деушілерге талаптың күшейтілуі, шекті баллдың жоғарылауы, шәкіртақысын көбейтуі — дұрыс шешім. Бұрын ҰБТ-дан ең төмен ұпай алғандар педагогиканы таңдайтын. Қазір бұл сала ең беделді мамандыққа айналып келе жатыр. Ең білімді оқушылар мұғалім болуға бет бұрып жатыр.

Бақытымызға орай, педагог мәртебесі заңы қабылданғалы бері біраз өзгеріс болды. Ағаш әктеп, даланы сыпырып жүретін мұғалімдер азайды. Десе де, өзім тұратын Шымкентте бұл тенденция әлсіз. Ақша беріп, жұмысқа кіретін педагогтар бар. Бізге енді осы мәселені шешу керек.