Басты бетСпортОльга Рыпакова...

Ольга Рыпакова спортшы ретінде карьерасын аяқтады

Бұл — спортшы ретіндегі соңғы Олимпиадам. Жоспарлар туралы айтуға әлі ерте. Біраз уақыт өткеннен кейін бұл сұраққа жауап беремін деп ойлаймын. Бұдан кейінгі жұмыстарым, өмірім бәрібір спортпен тығыз байланысты болады, — деп жауап берді Ольга Рыпакова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Сонымен бірге журналистер спортшыдан «Жеңіл атлетика федерациясында басшылық қызмет ұсынса, барасыз ба әлде отбасыңызға және өзіңізге көңіл бөлесіз бе?» деп сұрады.

Мен үшін отбасы әрдайым бірінші орында болды. Олар мені сонымен бірге спортта да қолдады. Көбі менен спорт үшін нені құрбан еттіңіз деп сұрап жатады. Бұл — отбасым, балаларым. Әрине, жақын арада өз балаларым мен отбасыма көңіл бөлгім келеді. Сол себепті отбасы бірінші орында, ал қалғанын көре жатармыз, — деді Ольга Рыпакова.

Еске салайық, қазақстандық жеңілатлет Ольга Рыпакова Токио Олимпиадасының финалына өте алмады.

Ольга Рыпакова өзінің ең үздік мүмкіндігінде 13,69 метрге секірді. Бұл финалға өту үшін жеткіліксіз болды.

Ольга Рыпакованың қоржынында Олимпиаданың үш медалі бар. Ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында күміс алды, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында чемпион атанды, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.

ДереккөзHolanews.kz