Дмитрий Баландин Токио Олимпиадасының финалына шыға алмады

Бұл туралы Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.

Тиісті қашықтықты Дмитрий Баландин өз тобында жетінші болып жүзіп өтті. 2:09.22 уақытта бағындырған ол финалға өте алмады, — делінген хабарламада.

Баландин іріктеу сынында 2:08,99 көрсеткішімен 7-інші орын алып, жартылай финалға шыққан еді.

Дмитрий Баландин
Фото: Olympic.kz

25 жастағы Дмитрий Баландин — Алматының тумасы. 2016 жылы Рио Олимпиадасының 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында алтын медаль иеленген. Одан бөлек, 2014 жылы Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанған.

Еске салайық, бұған дейін Дмитрий Баландин Токио Олимпиадасында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде бірінші кезеңнен өте алмаған еді.

Айта кетейік, қазір Қазақстан қоржынында Токио Олимпиадасынан үш медаль бар. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленген болатын.