Басты бетБілімБілім грантын...

Білім грантын тағайындау конкурсының қорытындысы қашан шығады?

Үміткерлер арасында 7 054 «Алтын белгі» иегері, 576 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, сонымен бірге патриоттық сезімі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін үздік белгісімен марапатталған 705 бала бар. Балдар тең болған жағдайда олар басым құқыққа ие болады.

Биыл Білім және ғылым министрлігі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға квота бөлді. Енді жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі артты. Оларға арнайы гранттар бөлінген. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-і, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-і көзделген, – деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Сонымен бірге ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және Қазақстан азаматтары емес, ұлты қазақ адамдарға квота қарастырылған.

Биыл 145 мыңнан астам талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 88 мыңнан астам адам жинады, бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 60%-і. Биыл орташа балл 69 балл болды, бұл былтырмен салыстырғанда 5 балл жоғары.

Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Конкурстық комиссияның отырысы 10 тамызға дейін өтеді. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер, «Қазақстан студенттері Альянсының» және «Отандастар» қорының өкілдері кірді.