300-ден астам қазақстандық шет елдік ЖОО-да тегін оқиды

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олар Қазақстан мен басқа елдер арасында министрлік бастамасымен жасалған үкіметаралық келісім шеңберінде тегін оқиды. Яғни Мажарстан, Польша, Қытай, Украина, Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам университеттерінде тегін оқу мүмкіндіктері бар.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстанға ең көп білім грантын Мажарстан бөліп отыр – 250, Қытай – 47, Польша – 11, Украина – 10, Словакия – 3, Әзірбайжан – 8, Вьетнам – 1.

Гранттар бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша бөлінеді.

Әңгімелесу барысында әрбір үміткерге мамандық таңдауға деген ынтасы мен жігері, теориялық білімі мен оқудағы немесе таңдаған мамандығы саласындағы жетістіктерінің деңгейін анықтау үшін сұрақтар қойылды. Сондай-ақ біз ойлау логикасының деңгейін, сөйлеу сапасын, кез келген жағдайдағы мәселелерді шешу бойынша үміткерлердің жеке қасиеттері мен дағдыларын бағаладық. Білім беру гранттарын тағайындау туралы түпкілікті шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды, – деді халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозова.

Үміткерлерді іріктеуді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторларынан құралған тәуелсіз комиссия жүргізді.

Тәуелсіз сараптама комиссиясы негізгі және резервтік тізімге шет тілін білу деңгейі, білімі туралы құжаттың орташа балы және әңгімелесудің орташа бағасының жиынтығы бойынша ең жоғары орташа балл жинаған үміткерлерді енгізді. Үкіметаралық гранттар операторы – халықаралық бағдарламалар орталығы.

Білім және ғылым министрі мен Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісінің қатысуымен өткен Қазақстан – Еуропа форумында тараптар білім беру саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылағанын айта кеткен жөн.