Алексей Цой президентке коронавирустың жаңа «Лямбда» штамы пайда болғанын айтты

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында жазды.

Денсаулық сақтау министрі президентке қазіргі эпидемиология жағдайы, екпе егу жұмыстарының барысы және елімізге вакцина жеткізу жөніндегі уағдаластықтар туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар өңірде карантин шараларының күшейтілгені, жұқпалы аурулар стационарлары мен жан сақтау бөлімдерінде ем қабылдап жатқан науқастар саны, дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті жабдықтар қоры, вакцина салу қарқыны баяу өңірлерге көрсетіліп жатқан әдістемелік көмек жайында мәлімет берілді, — делінген хабарламада.

Алексей Цойдың айтуынша, маусым айындағы жағдаймен салыстырғанда шілденің кейінгі екі аптасында індет жұқтырғандардың саны 4,8 есеге көбейген. Күнделікті жүргізілген мониторинг бойынша, 24 шілдедегі мәліметке сәйкес, жұқпалы аурулар бөлімдерінің 51%-інде, жан сақтау бөлімдерінің 41%-інде науқастар ем қабылдап жатыр.

Вирус жұқтырғандар санының көбеюіне және денсаулық сақтау жүйесіне түскен салмақтың артуына байланысты шілде айында қосымша 10 мың төсек-орын әзірленді. Қазіргі уақытта 21,4 мыңға жуық орын резервте тұр.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сонымен бірге президентке әлемде коронавирус індетінің жаңа «Лямбда» штамының пайда болуы мен таралуы туралы айтты. Бұл вирус алғаш рет 2020 жылғы желтоқсанда Перуде тіркелген. Бүгінде індеттің осы түрін 30 мемлекетте, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінде 3 мыңға жуық адам жұқтырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға еліміздегі эпидемиология ахуалын қатаң бақылауда ұстауды, жаппай екпе салу қарқынын арттыруды, науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету жұмыстарын, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемді сапалы ұйымдастыруды тапсырды.