Иммунды глобулин кластарының қызметі не?
Әуелі, мынаны анықтап алайық: организмде антидене анықталса, бұл онда қазір немесе бұрын инфекциялық процесс болған дегенді білдіреді. Яғни организмде вирус болған немесе бар және оған иммун жүйесі жауап берген.
Антидене тесті адамның жұқпалы патогенді, мысалы, коронавирусты жұқтырып ауырған-ауырмағанын көрсетеді. Ауру симптомдары болмаса да тест бар деген нәтиже көрсете алады.
Организм антидене пайда болса, олар коронавирусты «танып», залалсыздандырады. Келер жолы тағы да кездесер болса, жылдам анықтау үшін вирус туралы ақпаратты сақтап алады.
Негізі антидененің екі түрлі класы организмнің инфекцияға деген реакциясын анықтайды. Біріншісі — иммунды глобулин М (IgM) класы. Инфекцияны алғаш анықтайтыны — осы класс. Өйткені оны иммун жүйесі аурудың алғашқы аптасында SARS-CoV-2-ге жауап ретінде синтездей бастайды. Иммунды глобулин М-нің болуы коронавируспен дәл қазір ауырып жатыр дегенді білдіреді.
Әдетте, инфекциялық ауруларда IgM антиденелері бір айдан соң жоғалады. Оның орнын инфекция жұқтырғаннан кейін 5-6 аптадан соң иммунды глобулин G (IgG) класы басады. Әсіресе, коронавирус жұқтырған кезде антидененің осы класы организмде ұзағырақ сақталады (шамамен, 1,5-3 ай). Тіпті организмде коронавирус анықталмаған күнде де антидене сақтала береді. Өйткені оның қызметі — өмір бойы немесе бірнеше жыл бойы организм басынан өткерген инфекциялық аурулар туралы ақпаратты сақтап отыру.
Организмнен IgG анықталса, бұл организмге коронавирус түскенін және оған иммун жүйесі жауап бергенін білдіреді.
Коронавирус кезінде ғана өндірілетін антидене класы бар, ол «иммунды глобулин А (IgA)» деп аталады. Ол көбіне инфекцияның асқынған кезеңінде пайда болады, негізгі мақсаты — шырышты қабықты коронавирустан қорғау. Организмнен осы антидене анықталса, коронавирус инфекциясын жұқтырған деп сеніммен айтуға болады. IgA деңгейі жазылған соң, шамамен ауру жұқтырғаннан кейін 1,5-2 айдан соң төмендей бастайды.
Жалпы, антидене саны организмге енген вирус санына байланысты. Жұққан вирус дозасы аурудың қаншалық ауыр өтетініне әсер етеді.
Антидене анализінің ПТР тестінен айырмасы қандай?
COVID-19-ға қарсы антидене анализі — диагностика жасаудың қосымша әдісі. Оның ПТР (полимераз тізбекті реакция) тестінен айырмасы мынада: ПТР тесті вирус өкпеге өтпей тұрып ауру қоздырғышын анықтайды. Антидене анализі қандағы антидене класын анықтап, қазіргі немесе бұрынғы инфекциялық процесті тексереді. Оған қоса, инфекцияның даму кезеңдерін анықтауға көмектеседі.
Бұл анализ иммунды глобулиннің екі түрін анықтайды. М иммунды глобулин тесті инфекцияға реакцияны тексереді. Бұл анализ организмде COVID-19 вирусының бар-жоғын анықтау үшін, әрі ПТР тестіне қосымша ретінде алынады.
Ал G иммунды глобулин тесті вирусқа иммун жауабының қандай болғанын көрсетеді. Пациент аурудың қай кезеңінде екенін білу үшін антидененің M немесе G класын нақтылау керек.
Антидене анализін не үшін тапсырады?
Адам мынадай жағдайда антидененің бар-жоғын тексерте алады:
- Адам суық тию белгілері болған-болмағанына қарамастан, инфекция жұқтырған-жұқтырмағанын білгісі келсе, антидене анализін тапсыруына болады. Бұл жерде мына нәрсені ескеру керек: ауру симптомдары болса, ауру басталған еді деген уақыттан 5 апта өткен соң IgG тексерткен дұрыс. Ал ауру белгілері болмаса, кез келген уақытта анализ тапсырса болады.
- Қазір коронавирус инфекциясын басынан өткізіп жатырмын деп есептейтін немесе ауырып кеткеніне көп болмаған адам да антидене анализін тапсыруына болады. ПТР тестін өткізіп, оның нәтижесі теріс болса да, антиденені тексертуге болады.
Коронавирусқа қарсы антиденелерді анықтауға арнайы дайындалу қажет пе?
Дайындық керек емес. Анализ үшін таңертең адам аш кезде көктамырдан қан алынады. Болмаса күндіз тамақ ішкеннен кейін кемі 3 сағат уақыт өткен соң қан тапсыруға болады. Газсыз таза су ішуге болады.
Анализ қорытындысын қалай түсінеміз?
Ig M (+) анықталса, IgG (-) анықталмаса:
- Ауру белгілері бар кезде ауыр инфекция белгісі болуы мүмкін.
- Нәтиже оң болса да, ол жалған болуы мүмкін (адамның созылмалы аурулары болғанда).
Мұндай жағдайда ПТР тестін тапсырған дұрыс. Оның нәтижесі теріс болса, әрі ауру белгілері байқалмаса, антидене анализін 2-3 аптадан соң тапсыру керек.
IgM (+) анықталса, IgG (+) анықталса:
- Адам қазір инфекция жұқтырып, ауырып жүруі мүмкін немесе сауыға бастауы мүмкін. Болмаса, жақында ауырып кеткен деуге болады.
IgM (-) жоқ, IgG (+) анықталды:
- Бұрын COVID-19 инфекциясын жұқтырып, ауырғанын білдіреді.
IgM (-) болмаса, IgG (-) жоқ болса:
- Пациент вирус жұқтырмады.
Дегенмен анализ қорытындысын дәрігер түсіндіруі керек екенін айта кетейік. Өйткені дәрігер ауру тарихын, пациенттің қалай қаралғанын, лаборатория мен құрал туралы ақпаратты біледі.