2021 жылы магистратура мен докторантураға қанша грант бөлінді?

Білім беру гранттары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратына сәйкес бөлінген.

Магистратурада оқуға гранттардың көп саны педагогика мамандықтары бойынша қарастырылған – 3 642 грант. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 3 429, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыты бойынша – 1 278, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша – 1 233, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бойынша – 527 грант бөлінді.

Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуден өтуге ниет білдірушілерді тіркеу 18 маусымда басталып, 15 шілдеге дейін жалғасады. Емтихан 20 шілдеде басталады.

Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін біз тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда апелляцияға беру жүйесін өзгерттік. Бұл электрон форматта өтеді. Енді талапкер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бірден апелляцияға өтініш бере алады, – деп хабарлады білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Докторантура бойынша 2021-2022 оқу жылында 1 890 білім беру гранты бөлінді.

Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 446, педагогикалық ғылымдар – 370, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 292, өнер және гуманитарлық ғылымдар – 205.

Докторантураға түсу үшін тестілеуге өтініш қабылдау жүргізіліп жатыр. Қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтары базасында электрон форматта өтеді.

Мұндай формат былтыр магистратураға түсу емтихандарын тапсыру кезінде енгізілген еді. Бұл академиялық адалдықты және емтихан тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.  Аталған формат Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде де өзін дәлелдей білді. Өйткені әрбір компьютер бейнекамерамен жабдықталған. Бұл әрбір талапкерді байқауға мүмкіндік береді, осылайша емтихан тапсыру рәсімінің және жалпы қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етеді, – деді Қуаныш Ерғалиев.

2021-2022 оқу жылындағы білім беру гранттарының толық тізімін мына жерден көруге болады.