Алматыдағы жабылған медицина университетінің студенттері басқа ЖОО-ға ауысты

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасованың айтуынша, ауыстыру кейінгі екі айда жүзеге асырылды. Енді түлектер оқуын жалғастырып, жоғары білім туралы диплом алады. Еске салайық, осы жылдың сәуір айында Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін бас лицензиясынан айыру туралы сот шешімі заңды күшіне енген.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде 3 500-ге жуық адам білім алды. Студенттердің басым бөлігі Алматының медициналық жоғары оқу орындарына ауысты. Кейбір студенттер оқуын Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Шымкент және Түркістандағы медициналық ЖОО-ларда жалғастырды. Ауысу барысында қабылдаушы жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау және оқу нәтижелерін бағалау кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті тарапынан жіберілген бұзушылықтарды жоюға тура келді. Ауыстырылған 111 студенттің жеке құжаттарында талап етілетін аттестаттар мен оларға қосымшалар болмады. Кейбір студенттердің ҰБТ-дағы сертификаттары да болған жоқ, — деді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Сондай-ақ студенттерді басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру кезінде кейбір магистранттың пререквизиттерден өтпей оқығаны анықталды. Сонымен бірге студенттер қабылдау кезінде міндетті тестілеудің кейбір элементтерін тапсырмаған. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің бітіруші курс студенттері мемлекеттік стандарттың міндетті пәндерін толық көлемде оқымаған. Бірқатар негізгі пән мүлдем игерілмеген. Мәселен, «Фармация» қысқартылған бағдарламасы бойынша оқыған студенттер тиісті 120 кредиттің орнына тек 78-ін ғана оқыған.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті жіберген осы және басқа да бұзушылықтар студенттерді басқа медициналық жоғары оқу орындарына ауыстыру процесін тежеді. Бүгінде бұл мәселелер шешіліп, білім алушылар басқа университеттерде оқуын жалғастырды. Қабылдаушы жоғары оқу орындары білім алушыларға академиялық айырмашылықты игеруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ олар студенттерге жетіспейтін құжаттарды қалпына келтіруге, оқудағы олқылықтардың орнын толтыруға және биылғы оқу жылын уақытылы аяқтауға көмектеседі, — деді Гүлжан Жарасова.