Қазақстанда тағы бір университет бас лицензиясынан айырылды

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Былтыр Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, өрескел бұзушылықтар анықтаған.

Жоғары оқу орнына 2020 жылдың шілде айында анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген. Алайда, қайта тексеріс жүргізу кезінде медицина университеті комитеттің нұсқауын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды.

Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, жоғары оқу орнына айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды, — деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Оның айтуынша, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде оқыған студенттердің гранттары сақталады және  олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сонымен бірге оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылған. Бүгінде оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.

Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова министрлік сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының санын қысқарту бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін 2020 жылдың 6 қазанында Қазақ көлік және коммуникация академиясы бас лицензиясынан айырылған еді. Сонымен бірге биыл 12 ақпан күні сегіз колледж жабылды.