Түркістан облысында тауда жоғалған туристер өлімі бойынша болжамдар айтылды

Оларды 28 күн бойы іздестірген өңірдің құтқарушылары мәйіттердің барлығы Өгем өзенінен шыққанын хабарлады.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, жаяу жүріспен 2 543 шақырым қаралса, әуеде тікұшақпен 16 090 шақырым аумақта іздестіру шаралары жүргізілген.

Сүңгуірлер Өгем өзенінің бойымен 22 шақырым жерді қарап шыққан. Нәтижесінде бірінші жігіттің мәйіті табылған жер мен екінші туристің мәйітінің арасы 6 шақырымды құраған. Ал, үшінші мен төртінші мәйіттің арасы 7 шақырым жерден асқан, — деді ол.

  • Құтқарушылар алғашқы болжам ретінде төртеуі қол ұстасып, Өгем өзенінен бірге өтпек болған кезде суға ағып кетуі мүмкін дейді. Алайда судың екпіні тым қатты болғандықтан оларды ағысы алып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
  • Ал екінші болжам ретінде олардың өзеннің тастар көп жататын жері Таскөпірден өтпек болған деп айтылды. Алайда суда жатқан тастардың беті тайғақ болғандықтан бірі ағып кетіп, қалғандары құтқарамыз деп оқталған болуы мүмкін.
  • Ал, үшінші болжам ретінде аюлардан қорыққан.

Іздестіру барысында осы төңіректе аюларды өте көп кездестірдік. Бір жиырмадан аса аюды көрдік. Ал аюдың өзіне тән қасиеті — балалары үшін өте агрессивті болатын кез бұл. Мүмкін, бұл жігіттер өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалды ма. Содан қорыққанынан суға секіріп кетті ме деген жағдайларды қарастырдық, — дейді Ерік Сарыбаев.

Ал, іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматыдағы РЖҚЖ-ғы, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті, «Қазавиақұтқару» АҚ, Түркістан облысының полиция департаменті, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері, еріктілер, Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздің комитетінің Төлеби шекара қызметі, Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылған.

Еске салайық, 25 мамырда сағат 18.30-да «112» пультіне жеті туристің жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Іздестіру жұмыстары 28 тәулік бойы жалғасты. Бұған дейін 3 турист құтқарылса, тағы төрт туристің мәйіті табылған еді.