Орталық Азия елдерінде жоғары білім берудің бірыңғай кеңістігі құрылады

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру саласында Орталық Азия кеңістігін құруды ұсынды. Шетелдік әріптестері оның бастамасына қолдау білдірген. Форум қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.

Жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құру бүгінде объективті қажеттілік болып отыр. Жыл сайын танылатын білім туралы құжаттардың жалпы санының 70%-ке жуығы – Орталық Азия жоғары оқу орындарының құжаттары. Бүгінде Орталық Азия елдерінің 20 мыңға жуық азаматы Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді, — деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бірыңғай кеңістік аясында Еуропадағы сияқты біліктілікті танудың жеңілдетілген процедурасы мәселесін қарастыруға болатынын айтты.

Түркістан декларациясына сәйкес, енді Орталық Азия мемлекеттері өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, бүкіл Орталық Азия жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіреді.

Сондай-ақ тараптар студенттермен алмасу үшін білім бағдарламаларының, бірлескен ғылыми жобалардың санын ұлғайтуға және Орталық Азия елдерінің көшбасшы студенттері арасында өзара байланыс орнатуға, тәжірибе алмасу және жұмыс бағыттарын талқылау үшін Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары ректорларының форумдарын өткізуге келісті.

Орталық Азия кеңістігіне қатысушы елдердің ынтымақтастығы Болон процесі қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Сондай-ақ жоғары білім саласындағы Орталық Азия кеңістігі жанынан білім министрліктері арасындағы жұмысты үйлестіру, жоғары білімнің тартымдылығын арттыру және бәсекеге қабілеттілікті күшейту үшін хатшылық құрылады.

Түркістан декларациясы ынтымақтастықтың келесі бағыттарын көздейді:

  • Орталық Азия елдері жоғары оқу орындарының альянсын қалыптастыру;
  • Орталық Азия елдерінің білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аккредиттеу кеңесін құру;
  • Орталық Азия елдері студенттерінің альянсын құру;
  • Біліктілікті және білім туралы құжаттарды тану жөніндегі ұйымдар қауымдастығын құру.