Жетісу ауданының әкімдігі COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған тұрғындар арасында лотерея ойнатылатыны туралы жариялады. Осылайша жергілікті атқарушы билік Алматыда жаппай вакцинациялауды насихаттауды көздейді.
Лотереяға қатысуға ниеттілер Жетісу ауданындағы вакцинация орталықтарында 29 мамыр мен 4 маусым аралығында вакцинаның бірінші компонентін салдыруы қажет. Ұтыс қорытындысы сенбі күні, 5 маусымда шығарылады, — делінген әкімдік хабарламасында.
Вакцина салдырғандар арасында 21 адам жеңімпаз болады. Samsung Galaxy S21 телефоны, сонымен бірге Samsung A32 смартфоны, Samsung Galaxy Buds live құлаққабы, тоңазытқыш, тау велосипеді секілді 5 қосымша сый, бұдан бөлек 16 ынталандыру сыйлығы ойнатылады.
Айта кетейік, алматылық эпидемиологтар COVID-19-ға қарсы екпе эпидемияға тосқауыл қоятын ұжымдық иммунитеттің қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын айтты. Вакцинацияға қарқын беру үшін Алматыда екпе салдырғандарды ынталандыру ісі жүріп жатыр.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, 1 маусымда қаладағы 2 сауда және ойын-сауық орталығында ұялы телефондар, тұрмыстық техника, мейрамхана сертификаты, сондай-ақ жеңілдік карталары ойнатылды. Мұндай тәжірибе АҚШ, Еуропа және Ресейде бар.