Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
1922 жылы дүниеге келген Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерін аурухана дәрігерлері ерекше қошаметпен шығарып салды.
Оған коронавирус диагнозы осыдан екі апта бұрын қойылған. Науқастың дене қызуы көтеріліп, өкпесі қабынып, әлсіреген. Ол шұғыл түрде Леңгір қалалық ауруханасына жатқызылады. Ауруханаға науқас екі жақты полисегментарлы пневмониямен түскен, — делінген хабарламада.
Дәрігерлердің жедел жүргізілген емдік шараларының көмегімен екі апта ем қабылдаған қария коронавирустан құлан-таза жазылып шыққан.
Әкімдіктің хабарлауынша, ардагердің денсаулығының мықтылығының арқасында оған өкпенің жасанды дем беру аппараты қажет болмаған.
Госпитальге өте ауыр халде түстім. Өзімді нашар сезініп, өте мүшкіл халде едім. Мені шұғыл түрде осында алып келіп, емдеді. Мұнда мен адамның адамға деген қамқорлығын сезіндім. Барлық дәрігерлерге алғыс айтамын, — дейді Александра Капустина.