Өзбекстанмен шекарадағы екі ауыл ресми түрде Түркістан облысына қосылды

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

  • Бағыс және Хиебон елді мекендерінің жалпы алаңы 795,62 гектар жерін Түркістан облысының шекарасына қосу арқылы Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін;
  • Түркістан облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын;
  • Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген құжатта.

Айта кетейік, 2021 жылғы сәуірде Түркістан облыстық мәслихаты Үкіметке тараптардың келісімі бойынша Өзбекстаннан Қазақстанға өткен, жалпы алаңы 795,62 гектар жерді облыс аумағына қосу арқылы өңірдің шекарасын өзгерту туралы ұсыныс енгізді.

Осылайша, Сарыағаш ауданының шекарасы өзгертілді. Өзбекстаннан Қазақстанға өткен Бағыс елді мекенінің жалпы ауданы 750 гектар жері Ақжар ауылдық округіне қосылады.

Хиебон ауылының 45,62 гектар жері Құркелес ауылдық округіне қосылады.