Талдықорғанда көлік апатынан зардап шеккен оқушылардың жағдайы қалай?

Оқушылардың жағдайы орташа ауыр, бірінің жақ сүйегі сынған.

Ауруханаға түскен бес оқушы жабық бас ми жарақатын алған. Миы шайқалған. Түрлі дене соққысы бар. Оқушының бірі ішінен жарақат алса, енді бірінің жақ сүйегі сынған. Барлық бес науқастың жағдайы орташа ауыр, — деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова.

Сонымен бірге баспасөз қызметі өкілі Ләйлім Әубәкірова осы жол-көлік оқиғасында оқушылардан бөлек тағы үш адам зардап шеккенін, олардың жағдайы қалай екенін айтты.

Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға жарақат алған 1964, 1997 және 1995 жылғы науқастар келіп түсті. 1995 жылғы адам денесінен түрлі дәрежедегі соққы алған. 1964 жылғы адамның иығы сынған. 1997 жылғы науқастың мұрны сынған. Жағдайлары қанағаттанарлық,- деді ол.

Еске салайық, кеше Талдықорғанда оқушыларды тасымалдаған автобус көлік апатына түсіп, 8 бен 16 жастағы бес бала жараланғаны хабарлаған еді.

ДереккөзҚазАқпарат