Әділет майоры Әзімхан Рахманов — көпбалалы әке. Бүгінде екі ұлы мен екі қызы бар. Күні-түні әскери қызметте жүргеніне қарамастан отбасына, балаларына жиі уақыт бөлуге тырысады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана сөздің мәніне үңілсек, бала тәрбиесіне балалық шағынан-ақ көңіл бөлу қажет. Өзім де көпбалалы отбасында өстім. Балалардың көп болғаны жақсы, себебі келешекте бауырмал, бір-біріне көмек қолын созып өседі. Қызметім қанша қиын болса да, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлемін. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, ұлыма жақсы тәрбие бердім деп есептеймін. Ұлым Қызылордадағы облыстық спорт басқармасының Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлы атындағы мектеп-интернатында оқиды. Кішкентайынан спортқа әуес. Баламның болашағы жарқын болатынына сеніп, спортқа баули бастадым. Ұлым республикалық турнирдің жеңімпазы, 20-ға жуық медалі бар. Бұл да менің балаларыма берген тәрбиемнің жемісі шығар, — дейді көпбалалы әке.
Әзімхан Рахманов әр ата-ана баласының бойындағы қабілетін байқап, жан-жақты дамытуы қажет деп есептейді. Оның айтуынша, бала — жас шыбық сияқты, шыбықты қалай исең, солай өседі. Сондықтан рухани құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді дарыта отырып, жақсы тәлім-тәрбие беру керек.
Қызым сурет салуды ұнатады. Әртүрлі жарысқа қатысып, жүлделі орын иеленіп жүр. Қыз бала анасына жақын келеді ғой, сондықтан тәрбиесімен анасы айналысады. Балаларыма ұлттық салт-дәстүрді үйретуден жалыққан емеспін. Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамда өз орнын дұрыс табуына ата-ананың атқарар еңбегі ерекше, — дейді әділет майоры.
Әзімхан мен жұбайы Шынар үйде ерлі-зайыпты, ал жұмыста — әріптестер. Шынар қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде іс жүргізушісі болып жұмыс істейді. Олардың бір салада қызмет етуі бір-бірін түсінуге, отбасының берік болуына көп септігін тигізеді екен.
Жолдасым Әзімхан балаларға өте мейірімді. Ұл-қыздарына да әкелерінің айтқаны заң. Денсаулығының барында ұл-қыздарының жағдай жасайын деп тынбай еңбек етіп жүр. Қызметте болған соң шаршап келгенде дәмді тамағымды дайындап күтіп отырамын. Бір-бірімізді сыйлап, түсінуге тырысамыз. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол, — дейді жұбайы Шынар.
Әзімхан Рахмановтың Қылмыстық атқару жүйесі саласында қызмет етіп келе жатқанына 20 жылға жуық болды. Алғашқы еңбек жолын ЗК-169/4 мекемесінде сержанттан бастаған Әзімхан Рахманов бүгінде осы мекеменің режим тобының аға жедел уәкілі әділет майоры. Сонымен бірге осы уақыт ішінде ол Ішкі істер министрлігінің, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің, облыс әкімінің, департамент бастығы мен мекеме бастықтарының грамоталарымен, алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталып, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі» төсбелгілерін иеленген.
Қызметте талапшыл әрі қайсар мінезді Әзімхан отбасында мейірімді, қамқор әке. «Әке балаға сыншы» деген қағиданы ұстанып, ұл-қыздарына ақыл-кеңесін беріп, қоғамда өз орнын қалдыратын ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсаты санайды.
«Бақыттың кілті отбасыда екенін ұмытпауымыз қажет», — дейді көпбалалы әке Әзімхан Рахманов.
Дана Достанова