Балалар газетке не туралы жазады?

Дана Маратованың «Ұлан» газетінде істеп жүргеніне 5 жыл болды. Оның айтуына қарағанда, қазір балалар газетке көбіне мақала мен өлең жібереді. Әңгіме, ертегі деген жанрды қозғайтындар көп емес. Өлең тақырыбы көбіне анаға, туған жерге арнау, табиғат туралы, туған тіл жайынан аса алмай жатады. Былтырдан бастап әл-Фараби мен Абайға арнау қосылыпты. Балалар Абай Құнанбайұлы туралы «Абай ата, сіз осындай да осындайсыз» деген сарындағы өлең шығарады. Редакция журналистері бұдан гөрі, ақынның өлеңінен алған, өзі қажетіне жаратқан бір ақылды жазғаны дұрыс екенін айтады.

Қазір балалардан да, үлкендерден де «Таңертең қалай ерте тұруға болады?» «Өміріңді қалай қолға алуға болады?» «Өмірімді қалай өзгерттім?» деген сияқты мотивациялық материалдар келеді. Бұл тақырып трендте. Одан кейін жас тілшілер танымал адамдармен сұхбаттасқысы келеді. Балалар журналистика дегенді өлең жазу, газетке шығу, танымал адамдардан сұхбат алу деп түсінетін сияқты. Оқушы кезімізде біз де солай ойлаған болармыз. Есейе келе оқырманға пайдалы сараптамалық материал жазу керек екенін түсіндік. Жас тілшілерден апта сайын танымал тележүргізушілерден, дикторлардан алған кемі екі-үш сұхбат келіп түседі. Бәрінің мазмұны, қойылған сұрақтары бір сарынды деуге болады, — дейді Дана Маратова.

Балаға кішкентай кезінде қандай материал жазып, қандай тақырып көтеріп, адамға қалай көмектесуі керек екеніне бағыт берсе, есейгенде де сол жолмен жүретін сияқты.

Дана Маратова

Аяжан Ғаппар деген жас тілшіміз бар. Мектеп бітірген соң ауданындағы қоғамдық-саяси газетке тілші болып жұмысқа тұрды. Бұл газетке Аман деген бала хат жазыпты. Оның Тұрарбек деген әкесі кезінде журналист болған, өмірден өтіп кеткен. Қазір Аманның баспанасы жоқ екен, редакциядан үй алуға көмектесуін сұрапты. Аяжан біздің «Ұланға» «Аманның арманы орындалған күн» деген материал жазды. Ауданда қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, балалардың үйлі болуына көмектесіпті. Сондықтан журналист болам деген адамға о бастан дұрыс бағдар беру керек деп ойлаймын. Журналист болу деген теледидарға шығу, Instagram-да жазылушының көп болуы, атақты болу емес, адамдардың өмірін жақсартуға қолдан келгенше үлес қосу деп үйретсе, жақсылық ойлайтын тілшілер көп болады, — дейді «Ұланның» журналисі.

Дананың айтуынша, «Ұланнан» түлеп ұшқан балалар журналистиканың барлық саласында істеп жүр. «Ұланды» тілшілер дайындайтын үлкен мектеп деп айтуға болады. Газеттің қазіргі журналистері де оқушы кезінде басылымға жазған. Көбіне мақаланың тақырыбын «Отан! Осы төрт әріпте қанша мағына жатыр» деп бастайтын немесе «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» деген сияқты сөз тіркестерін, мақал-мәтел қолдану адамның сөздік қорының бай екенін көрсетеді деп санайтын.

Газеттің сол кездегі бас редакторы Есей Жеңісұлы, Жұлдыз Әбділда, Жадыра Нармаханова сияқты журналистер ондай материалдарды өңдеп, автордың өзі танымайтындай етіп өзгертіп шығаратын. «Өз мақаласын» оқыған авторлар ұялып, келесіде қалай жазу керек екенін түсінетін.

«Ұланнан» шыққан балалар журналистикаға жазуға машықтанып, қай сөзді орнымен қалай қолдануды біліп келетін сияқты. Газетке тағылымдамадан өтуге келетін студенттер мен соның қатарласы — өзіміздің жас тілшілер жазғаны арасында айырмашылық бар. Мұны екеуін бір іс-шарадан ақпарат жазуға жібергенінен-ақ байқауға болады. Басқа студенттер аса ресми, пресс-релиздің айналасынан шыға алмай қалған мәтін жазып келіп жатады. Ал бізге бала күнінен жазып өскен жас тілшілер ақпаратты бір оқиғамен бастайды, оған шығармашылықпен қарайды, — дейді Дана.

Дана қоғамда жазушы болу, ақын болу және журналист болу бір сала, бір ұғым ретінде қабылданып кеткенін айтады. Баланың көбі осындай пікірде. Балалар кітап жазғысы келсе, өлең шығарғысы келсе, журналистикаға оқуға түсу керек деп ойлайды. Ал негізі журналистика — ақпаратпен жұмыс істейтін орта.

Газеттің жас авторлары бір-бірінің мақаласын талқылайды

«Ұланның» жас тілшілері мен белсенді авторлары және редакция журналистері әлеуметтік желіде чат ашып қойған. Сол жерде журналистер әр сандағы сәтті жазылған, ерекше тақырып көтерілген балалардың материалын жариялап, талдап береді.

«Ұланның» журналистері мен жас тілшілері. Фото Дана Маратованың жеке архивінен

Чатта балалар бір-бірінің жазғанын мақтап, сынап, қолдап отырады. Содан кейін бізде жыл сайын Жас тілшілер» форумы өтеді. Форумға келген балалар бір-бірін жазған мақаласы арқылы танып жатады. Демек олар авторды өзіне әсер еткен материал арқылы есте сақтайды.

Дана қазіргі балалардың эгосы басымырақ екенін, сынды дұрыс қабылдауы қиындау екенін айтады. Дегенмен редакция журналистерінен гөрі құрдасының айтқаны авторға өтімдірек. Ондай сынды жақсырақ қабылдайды.

Балалар газет-журнал оқи ма?

Дана Маратова баланың басылым ақтаруы ата-анасына, мұғалімі мен қатарласына байланысты екенін айтады. Үлкендер «Балалар оқымайды» деп айтқанға үйреніп кеткен. Оны естіген бала «ә, мен оқымайды екенмін» деп жүре беруі мүмкін. Бұл жерде кінә балада ғана емес, оны оқытпайтын, қызықтырмайтын үлкендерден де бар. Тым болмағанда газетке жазылу уағында ата-ана, мұғалім атсалысқаны дұрыс.

Қазіргі балалар телефоннан көз алмайды деген жалпылама пікір бар. Олай деу дұрыс емес. Мысалы, осы карантин кезінде балалар қашықтан оқуға көшті. Сол уақта алғаш рет телефон сатып алған, смартфонды қалай дұрыс пайдалануды білмейтін балалар туралы білдік. Газет-журнал оқуға келер болсақ, «Ұланға» жазып жүрген, газеттің насихатына атсалысып жүрген Аяулым Құдайберген, Аяжан Ғаппар, Алтынай Маликаждарова, Айғаным Тұрысбек, Алмас Борис сияқты және олардың артынан еріп келе жатқан балалар бар. Демек «газет оқымайды» деу де — жаңсақ пікір, — дейді Дана Маратова.

Дана өзінің оқушы кезіндегі жазатындар мен қазіргі балалардың жазуында айырмашылық бар екенін айтты. Қазір балалардың не туралы жазатыны емес, жазуға деген көзқарасы аздап өзгерген. Бұрын балалар ішіндегі толқынысын, ойын жазғысы келетін. Қазір оқуға түсу үшін жазуды ойлайды, танымал болуға ұмтылыс жағын көбірек ойлайтын сияқты. Журналистикаға түсу үшін шығармашылықтан ұпай жинауға мақала керек болады деген сияқты мақсатпен жазатындар да бар.

Газетке жазатын балалар редакция журналистерін жиі мазалай ма?

Дана Маратованың айтуынша, газетке жазатын балалар өте ашық. Дегенмен журналистерге түнде де, таңда да, демалыс, мереке күндері де қоңырау шала беретін балалар бар. Қоңырауды ала алмайтын жағдайда, қайтарып тастаса да соғуды қоймайтынын айта кеткен жөн.

Қазіргі балаларға адамды жұмыстан тыс мазалауға болмайтынын, демалыс күндері қоңырау шалу дұрыс емес екенін жұмсартып түсіндіру керек. Одан кейін мынадай да мәселе бар. Бұрын газетке 10 мақала жіберіп, соның біреуі жарияланса да, мәз болатынбыз. Әрі қарай да мақала жіберетінбіз. Тым болмаса, біреуі шықты деп қуанатын едік. Ал қазір бір материал жіберген бала сонысы шықпайынша, қашан шығатынын сұрай береді. Дұрысы, бір мақаламен тоқтамау. Бұл жолғысы газетке жарамаса, келесісі жариялануы мүмкін, — дейді Дана.

«Ұланға» қалай жазылуға болады?

Дана Маратова газетке жазғанын шығарғысы келетін балалардың кейбірі қайда хабарласып тұрғанын да білмейтінін айтты. Газет пе, сайтпа, журнал ма — оның бәрін редакция журналисі түсіндіруіне тура келеді. Балаларға газетке қалай жазу керек екенін білу үшін оны оқу қажет екені, ал ол үшін газетке жазылған жөн екені түсіндіріледі.

«Ұланның» қызметкерлері мен жас тілшілері. Фото Дана Маратованың жеке архивінен

«Қазпоштаның» не екенін білмейтін балалар бар. Сондықтан біз оқырманымыздың санын көбейту үшін, өз мүддеміз үшін газетке онлайн жазылуды ұйымдастырдық. Жазылғысы келетін адам біздің картамызға бір жылдық немесе 6 айлық жазылу ақысын аударады. Біз олардың бәрін жинап, «Қазпоштаға» барып, жаздырып келеміз. Кейін түбіртектің фотосын жібереміз, — дейді балалар басылымы тілшісі.

Оның айтуынша, «Қазпоштаның» газет-журналды жеткізу жылдамдығы төмен. Балаларға басылым нөмірлері жетпей қалатын кездер жиі болады. Мұндай жағдай ауылды аймақта көп. Ондай кезде газетке жазылған халық басылымның жетпеу себебін редакциядан сұрайды. Жалпы, «Қазпоштаның» газет-журнал жеткізуде осындай проблемасы бұрыннан бар, әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр екен.

«Ұланға» жазылудың бір жылдық ақысы қала үшін — 2 667 теңге, ауыл үшін — 2 889 теңге. Қарап тұрсақ, бұл — бір айлық телефон нөмірі тарифі. Ал бұл ақығы бір жыл бойы 52 газет алып оқуға болады.

«Ұланның» «Жауқазын», «Ақ желкеннің» «Жас қалам» деген айдарлары бар. Онда балалардың өлеңі жарияланады. Екі басылымның да осы айдарын журналист Аслан Тілеген өңдейді. Ол балалардың өлеңіне қатысты мынадай сын-пікір айтты:

Жазуға кешіріммен қарайтын тұс — бала кез. Ол не жазса да, қалай жазса да, қызықтағаннан әрі аса алмаймыз. Бірақ түзеуге, кеңес беруге болады. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетінің поштасына келетін хаттардың дені — өлеңдер. Соның бәрі тәуелсіздік, ана, ұстаз сияқты төрт-бес тақырыптан әрі аспайды. Бұл заңды да. Ал басқа тақырыптар баланың танымына, ізденуіне байланысты. Мұғалімнің тапсырмасына орай да қызық өлеңдер жазуы мүмкін. «Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым» дейтін Рахманов ағайдың сөзін бар мұғалім санасына түйіп жүрсе дейміз.

Егер бала осы 4-5 тақырыптан басқасын жазса, көпшілік байқай бермейтін детальді, қызық ойды қосып жібереді. Мұны «шаблоннан шығу» деп атаймыз. Егер осылайша шаблоннан шығып жүрсе, ол әлбетте, әдебиеттануға, журналистика саласына бейім боп шыға келеді. Сосын кітапты «кеміруі» басталады.

«Ұлан» мен «Ақ желкенде» сондай балалардың «шырағын жағуға» тырысамыз. Тым қатты өңдеп жіберуге де болмайды. Өйткені бала мұнан кейін қолына қалам алмай кетуі мүмкін. Айтар ойын қалдырып, ұйқасын құрып жібереміз. Себебі оны оқыған басқа балалар шабыт алуы керек.

Өлең жазу — балалар үшін еркіндік. Өлеңде олар шынайы. Бүкіл сезімін төгеді. Мынау қоғамға көзқарасын да білдіріп жібереді. Мұндайда баланы артық-ауыс жиындардан, «таныстыру, құттықтау» сияқты тапсырыстан аулақ ұстаған ләзім. Әйтпесе, жиреніп кетеді.

Газеттің бас редакторы Жадыра Нармаханова балаларға сұхбатты қалай алу керек екені туралы мынадай кеңес береді:

  • Өз мақалаң өзіңе қызық па? Сұхбат алған адам ше? Ол туралы не білгің келеді, одан не  үйренгің келеді? Әуелі осы сауалдарға жауап беріп көр. Өйткені газеттің оқырманы, сенің материалыңды оқитын адам — өзіңнің замандасың, досың. Сондықтан өзіңді мазалайтын нәрсені, өзің қызығатынды сұра.
  • Жаныңдағы қатарластарыңнан ерекше көзге түскен, ерекше ісі, хоббиі бар достарыңнан сұхбат алып көр. Оның танымал болуы міндет емес. Ол қоғамға кішкентай ғана жақсылық әкелген шығар, ісін басқаларға үлгі етуге болатын шығар. Сол адам — сенің сәтті кейіпкерің.
  • Халық онсыз да білетін тұлғалар туралы мәліметті, қазір не істеп жүргенін, осы жетістікке қалай жеткенін бәрі әлеуметтік желіден-ақ біліп отыр. Ал сенің ауылыңда, қалаңда жақсы жетістікке жетіп жүрген адамдар бар. Солай бола тұра оларды әлі ешкім жазбаған, көпшілік тани бермейтін болуы мүмкін. Өзің тұратын өңірдегі адамдар жайлы жазып, проблемасын көтеру газет үшін құнды материал болушы еді.