Мемлекеттік қызметкерлер диктант жазды

Ресми ақпарат бойынша Жамбыл облысындағы 7524 мемлекеттік қызметкердің 0,7%-ы, яғни 51 қызметкер мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Олардың басым көпшілігі негізінен Жамбыл облысы ішкі істер департаменті мен Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жұмыс атқарады.

Осыған орай облыстағы мемле­кеттік қызметкерлер арасында алғаш рет тіл сауаттылығын арттыру мақсатында «Тіл сауаттылығы — басты міндет!» атты онлайн режімінде ашық жап­пай диктант жазу акциясы өт­ті. Шараға барлық ауда­н мен Тараз қаласынан 700-ге жуық мемлекеттік қызметкер қаты­сып, нәтижесінде үш-ақ қызметші барлық мәтінді қатесіз орындап, «5» деген баға алыпты. Сон­дай-ақ, 57 қызметшіге «4» деген баға, 161-іне «3» деген баға қойылған. Ал 447 қызметші, яғни қаты­сушы­лардың 67 пайызы «екілік» арқа­лап қайтқан.

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы 87 этностан құралған 304 951 өзге ұлт өкілдерінің 61 пайызға жуығы — қазақ тілін еркін меңгергендер.

Дереккөзegemen.kz