Ұлттық банк төрағасы президентке алтын валюта қорының ұлғаюы туралы айтты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ерболат Досаев мемлекет басшысына биылғы 4 ай ішіндегі ақша-кредит саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары, коронавирус пандемиясының үшінші толқыны кезіндегі әлемдік экономиканың даму перспективалары, сонымен бірге әлемдегі инфляцияның өсуі мен басқа да инфляция мәселелері туралы есеп берді.

Ұлттық банк төрағасы президентке осы жылдың сәуір айында Қазақстандағы жылдық инфляция мен оның сұранысты қалпына келтіруге қатысты азық-түлікке жатпайтын бөлігіндегі үдеу қарқыны жайында баяндады.

Сонымен бірге Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы төлем балансына берілген алдын ала баға туралы және биылғы 4 айдағы алтын валюта қорының ұлғаюы мен Ұлттық қордың активтерін басқару жөнінде айтты.

Бұдан бөлек кездесуде мемлекет басшысына биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша экономиканы несиелендіру және депозиттер көлемінің өсімі жайлы мәлімет берілді, сонымен бірге азаматтарды зейнетақы жинақтарының жеткілікті деңгейімен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан қосымша шаралар сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.