Стипендияға іріктеу қалай өтеді?

«Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер құжатын қабылдау 4 мамырда басталып, 28 қазанға дейін жалғасады. Бұл процесс Egov.kz порталы арқылы жүргізіледі.

Құжаты талапқа сай азаматтар конкурс іріктеуіне шақырылады. Жолдама алғандар арнайы порталдан жеке кабинетін ашады. Мұнда әр үміткерде өзі жайлы деректерді көрсетпей, идентификация кодымен барлық кезеңнен өтуге мүмкіндік бар. Конкурс іріктеуі 1 маусым мен 30 қараша аралығында өтеді.

Былтыр үміткерлерді іріктеу алты кезеңнен үш кезеңге қысқарған еді. Биыл да осы талап бойынша өтеді.

Бірінші кезең — кешенді тестілеу;
Екінші кезең — тәуелсіз сараптама комиссиясы мүшелерімен жеке сұхбат;
Үшінші кезең — шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында құжаттарды қарау.

Биыл кешенді тестілеу онлайн өтеді. Үміткерлер бұл турда мамандығына қатысы пәндерден емес, вербал, цифр, психология дағдыларын айқындайтын үш бөлімнен сынақ тапсырады. Емтихан тапсыру барысы аудио және видеофиксацияланады және античиттинг бағдарламасы орнатылады. Үміткердің қандай да бір қосымша ақпарат көзінен жауапты іздеу амалын жасағаны анықталса, нәтижесі жойылады.

Кешенді тестілеуден өткен үміткер тәуелсіз сараптама комиссиясы мүшесімен әңгімелесуге шақырылады. Үміткерлер порталдағы жеке кабинеті арқылы өзіне қолайлы уақытты таңдайды. Оның аты-жөні мен жеке деректері комиссия мүшелеріне көрінбейді. Қойылатын сұрақтарға қатаң регламент белгіленген. Сонымен бірге комиссия мүшесіне де қойылатын талап күшейтілген. 2020 жылдан бастап комиссияда кемінде 5 адам болуға тиіс.

Әңгімелесуден кейін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысы өтіп, стипендия иегерлері белгілі болады. Стипендиат не оған сенімді тұлға стипендия тағайындалған күннен бастап 90 күн ішінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Заң қызметі департаментіне жүгініп, Орталықпен оқуды ұйымдастыру туралы шарт, сонымен бірге кепіл шартын жасауы қажет. Шарттар уақытында жасалмаса, стипендиат «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері мәртебесінен айырылады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлеріне қойылатын талаптар мен құжаттар тізімін мына жерден көруге болады.

Биыл қанша стипендия бөлінді?

2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1 055 стипендия: 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бойынша білім алуға, ал қалған 500 стипендия тағылымдамаға бөлінді.

Конкурс іріктеуі маусым, тамыз және қараша айларында өтетіні себепті стипендия саны әр кезеңге теңдей бөлінеді.

Қандай мамандықтарға басымдық беріледі?

Биыл «Болашақ» бағдарламасымен шетелде 73 мамандық бойынша оқуға болады.

«Вирусология», «Инфекциялық аурулар», «Эпидемиология», «Қашықтан оқыту әдіснамасы мен әдістемесі» сияқты мамандықтар енген. Сонымен бірге «Робот техникасы» мамандығы мен креатив өндіріс саласындағы бірнеше мамандық пайда болды.

Сонымен бірге осы жылы тағылымдама бойынша 5 санат бекітілді. Биыл бұл санатқа ғалымдар енгізілді.

2021 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқуға арналған мамандықтар тізімін мына жерден көруге болады.

Қандай жоғары оқу орындарына оқуға түсуге болады?

«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға болатын шетелдің жоғары оқу орындарының тізімі бекітілді. Оған 27 елдің 207 жоғары оқу орны енді.

Халықаралық стипендия бойынша Кембридж, Оксфорд, Гарвард, Стэнфорд, Калифорния технология институты, Массачусетс технология институты сияқты дүниежүзінің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар.

Университеттер QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Ranking рейттингілері бойынша таңдалған. Қазақстан азаматтары оқуға мүмкіндік алған білім мекемелері осы рейтингілердің кемінде екеуінде алғашқы 250-орында тұр.

«Болашақ» — Қазақстан Республикасы президенті тағайындайтын стипендия. Бұл стипендия көмегімен Қазақстанның кез келген азаматы шетелдің үздік жоғары оқу орындарында магистратура, докторантура, резидентура бойынша білім алып, тағылымдамадан өте алады.