— Ботагөз, неге шетелде білім алуды жөн көрдіңіз? Не себепті дәл осы университетті таңдадыңыз?

— Бұл оқу орнына түсуіме бірнеше фактор әсер еткен болатын. Біріншіден, Шеффилд университеті Ұлыбританияда медианы оқытатын үздік 5 ЖОО қатарында. Екіншіден, бұл университет төрт жыл қатарынан Біріккен Корольдіктегі «Ең үздік студенттер бірлестігі» аталымын иеленіп келеді. Яғни сабақтан тыс студенттік өмір өте белсенді өтеді, сонымен бірге студенттерді қолдау жұмыстары жүйелі ұйымдастырылады. Үшіншіден, Шеффилд қаласының үштен бірі Пик Дистрикт ұлттық паркінің аумағына кіреді. Сондықтан болар, ол Англияның «ең жасыл шаһары» болып есептеледі.

— Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері арасында қандай айрықша айырмашылық байқадыңыз?

— Екі елдегі оқу саласына қатысты жалпы айырмашылықтарды айтып өтейін. Біріншіден, Ұлыбританияда плагиатқа қатты мән береді. Бұрын үйренгеніміздей, тұтас сөйлемді (кейде тіпті абзацты) көшіріп алып, Ctrl+C мен Ctrl+V-дің «құлағында ойнау» деген тәсіл мұнда өтпейді. Себебі барлық жұмыс мұғалім қабылдар алдында Turnitin атты жүйеде плагиатқа тексеріледі. Біреуден «ұрланған» әр тіркес қызыл-жасыл белгіленеді, жанында әлгі еңбектің атауы, авторы, қай жылы және қай жерде басылғаны секілді ақпарат түгел көрсетіледі. Сондықтан еңбегің толықтай дерлік өз сөзіңмен жазылуға тиіс. Бұдан бөлек жазылған әр сөйлемнің мән-мағынасы нақты дәлелді талап етеді. Айталық, жәй ғана «Жер — домалақ» деп жаза алмайсыз, сол тіркестің қасына Жердің домалақ екенін растаған ғалымдардың еңбегін бірге атап өтесіз. Сонда шамамен 1000 сөздік шағын эссені жазу барысында сіз кемінде 20-30 кітаппен танысып үлгересіз. Мұның өзі сіздің осы тақырып туралы біліміңізді айтарлықтай арттырады.

Екіншіден, олардағы академиялық қолдауға тәнті болдым. Оқу жылы басталысымен, күн сайын электрон поштамызға мұғалімдерден түрлі мазмұндағы хаттар үздіксіз келіп тұратын. Бір хатта эссе тақырыбына қатысты кітаптардың тізімі берілсе, енді бірі академиялық жұмысты қалай жазу керектігі жайлы нұсқаулық болады. Одан бөлек, әр студенттен келген сұрақтардың басын біріктіріп, жауап жазып, түгелдей бәрімізге қайта жіберетін. Жазбаның құрылымы, көлемі, бағалануынан бастап ұсақ мәселелерге дейінгі барлық сауалыңның шешімін сол хаттан табасың. Курс жұмысын тапсырар уақыт таяғанда оқытушылардан «Үлгеріп жатырсың ба?», «Дедлайн мына кезде болады, есіңнен шығып кетпесін», «Түсінбеген нәрселерің болса, пәлен уақытта кеңсеме кел», «Жазып бітірген бір бөліміңді маған жібере беруіңе рұқсат, қарап шығып, пікірімді айтайын» деген тәрізді хаттар келіп отырады. Оқу кезінде көрсетілетін осындай қамқорлықтың арқасында зерттеу тақырыбың қанша жерден қиын болса да, үлкен ыждаһатпен жазып шығасың.

Университеттің материалдық-техникалық базасы сапалы екені онсыз да түсінікті дүние ғой. Бір университеттің өзінде 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істейтін жуыну бөлмесі, «тыныштық бөлмелері» бар. Тіпті білдей 4 кітапхананың болуы да студенттердің үлгеріміне оң әсер етеді деп ойлаймын.

— Шетелде білім алу кезінде не үйрендіңіз, не түйдіңіз?

— Өзге мемлекетте оқу академиялық білімімді арттырып қана қоймай, көкжиегімді кеңейтуге де айтарлықтай көмектесті. Жалпы өркениетті қоғамда өмір сүріп көру адамды бұрынғы деңгейде қалдырмайды деп санаймын. Қазір сізге өзім куә болған екі-үш жайтты айтайын, қоғамның ықпалы неліктен күшті болатынын содан кейін-ақ ұға беріңіз.

Шеффилдте менімен бірге тұратын қазақ келіншектің қызы бірінші класта оқитын. Ағылшын мектептері ата-ананы жиналыс, ертеңгілік секілді шараларға шақыртуды кәдімгі хат түрінде пошта арқылы жолдайды. Одан бөлек мектеп әкімшілігі басқа да маңызды уақиғалар жайлы құлақтандырғысы келсе, сол ақпаратты арнайы құжат түрінде дайындап, әр оқушыға жекелей ұстатады. Тіпті бала сабақ кезінде абайсызда болмашы жарақат алып қалса, ата-анасына «Ұлыңыз немесе қызыңыз осындай жағдайға тап болып қалды. Уайымдамаңыз, қазір жағдайы жақсы, сыныбына кірді» деген мазмұндағы sms-хабарлама келеді.

Бір күні жаңағы көрші қыз «Мама, миссис Изабельдің бөпесі болады» деп анасына бір жапырақ қағазды әкеліп көрсетті. Ондағы мәтіннің қысқаша мағынасы мынадай: «Изабель есімді мұғалімнің аяғы ауыр, бұл — тұңғыш сәбиі. Мектеп ұжымы  сүйінші жаңалыққа қатты қуанып жатыр. Изабель алты айдан соң, яғни, шілдеде декреттік демалысқа кетеді». Біз үшін мұндай дүниені оқушыларға дабырайтып жаңалық ретінде айту әбестік көрінетіні рас қой. Бірақ ағылшындар ана атанудың, тіпті, соған дайындықтың маңызын балаға кішкентайынан осылайша түсіндіргісі келетін секілді. Сонымен қатар, мұндай әдіспен оқушы мен мұғалім арасында ресми емес, адами құндылықтарға негізделген қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.

Англияда ұялы телефон тарифтерінің бағасы біздегіден біраз қымбат. Алғаш барған уақытымда айына 25 фунттық (13 мың теңгедей) тариф қостырдым. Қымбатсынсам да, әуелі байқап көрейін, реті келсе басқасына ауысармын деп ойлағанмын. Сөйтсем келесі айда мобильді оператордан мынадай хат келді: «Біз сіздің бір айда қолданған трафигіңізге анализ жасадық. Ендігі уақытта сізге қазіргі тарифіңізден 5 фунтқа арзан басқа тариф түріне ауысуға кеңес береміз». Жақсы. Ауыстым. Екі-үш айдан соң тағы бір хабарлама келді: «Біз сіздің бір айда қолданған трафигіңізге анализ жасадық. Ендігі уақытта сізге қазіргі тарифіңізден 3 фунтқа арзан басқа тариф түріне ауысуға кеңес береміз». Шыны керек, клиенттерінің ақшасын үнемдегісі келіп тұратын осындай адал мобайл операторларды бұрын-соңды көрмеппін.

Ағылшын мәдениетін іштен білейін деп, оқу арасындағы демалыстарда бірді-екілі жерде даяшы болып жұмыс істедім. Банкет кезінде тәрелкелерді үстелдің үстінен жинап алуға барсаң, оны қонақтардың өзі-ақ әлдеқашан сатылай жинап, алып кетуіңе дайындап қойған болып шығады. Төрт-бесеуін бірдей көтерсең, «Әлің жете ме? Көтере аласың ба? Сенімдісің бе?» деп пәлен қайтара сұрайды. Тіпті дастарқанның бетіне кофені аударып алған кезім де есімде. «Ештеңе етпейді. Бәрінде болып тұрады. Қолың күйіп қалмады ма?» деп құдды соған өздері кінәлі адамдай бәйек болды.

Айналаңдағы осындай құбылыстарды күнде көріп жүріп, ойыңның да өзгере түскенін байқайсың.

Ботагөз Икрамова
Фото жеке архивінен

— «Болашақ» бағдарламасының шәкіртақысын ұтып алу үшін қалай дайындалған дұрыс?

— «Болашақ» стипендиаты атанғысы келетіндер бұл шешімге саналы түрде келеді, солай ғой?! Сондықтан стипендиат атанған күнде шетелде бірнеше жыл өмір сүруге ә дегеннен мораль тұрғысынан дайындалып, өзгерістерге ашық болу керек. Мұның ішіне жәй ғана пәтер жалдап тұру кірмейді. Барған еліңіздің ауа райы, исі сізге сүйкімсіз сезілуі мүмкін, тағамы мен мәдениетін, адамдарын қабылдауға әзірлену қажет.

— Қазақстандықтарға шетелдегі жоғары оқу орнының барлығы үздік көрінеді. Дегенмен олардың ішінен де ең жақсысын саралау қажет шығар. Университетті қалай таңдау керек?

— Ең үздік университет туралы пікір айтқан кезде оның басты критериі ретінде Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасуға, яғни шетелдік болуға тиіс деп ойламауымыз қажет. Сонда «Британияның университеттері АҚШ университтеріне қарағанда жақсырақ білім береді» деген сияқты ешқандай негізсіз стереотиптер қалыптаспайды. Университет таңдарда оның жалпы рейтингісінен гөрі сіз таңдағалы жатқан сала бойынша деңгейіне көбірек мән берген дұрыс.

Мысалы, А университеті жалпы рейтингте алтыншы, ал Б университеті тоғызыншы орында тұрғанымен, сіз оқитын сала бойынша екіншісі әлдеқайда алда болуы мүмкін.

Жоғарыда айтқанымдай, университеттің қай ел аумағында орналасқаны стипендиаттың ЖОО таңдауында пәлендей роль атқармауы керек. Яғни «Ұлыбритания, АҚШ, Канада университеттері сапалы» деген сыңаржақ ойдан миыңызды күн ілгері тазартыңыз. Асығыстыққа, қатеге бой алдыру көбіне елге немесе университетке таңдау жасау сатысында болады. Мұны баса айтуымның себебі де сол.

— Үміткер мотивациялық хат және ұсыным хат жолдауы қажет. Оның мазмұны қандай болғаны жөн?

— Өкінішке қарай, біздің елде мотивациялық хат немесе ұсыным хат жазу мәдениеті тым артта. Әдетте басшы қол астындағы қызметкері жайлы ұсыным хат жазарда онымен қанша жылдан бері таныс екенін, сол таныстық жылдарында әріптесін қай жағынан танығанын көрсетуге, сонымен қатар нақты оқиғаларды мысалға келтіре отырып, баяндап беруге тиіс. Бірақ бізде бұл үлкен іс «Пәленше – қызметте аса алғыр, қоғамдық жұмыстарда белсенді» деген секілді сол Пәленшенің өзі жазған мәтін астына қол қойып, мөр басумен шектеледі. Содан шығар, мотивациялық немесе ұсыным хаттар бізде аса маңызды деп қарастырылмайды. Ал Батыс университеттері мұндай критериге мұқият қарайды. Сол себепті шетелге оқуға тапсырар кезде бұл дүниеге салғырт қарамау керек.

— Қазақстан жастары үшін «Болашақ» бағдарламасының қай тұсын тиімді деп есептейсіз?

— 1993 жылы құрылған сәтте-ақ бағдарлама миссиясының бірі ретінде қазақ жастарының көкжиегін кеңейту, батыстың салқынқанды мәдениетін, критика ойлау жүйесін «жұқтырып» қайтқан жастардың елге оралып, айналасындағыларға әсер етуі бекітілген еді. Академиялық білімді былай қойғанда, өркениетті елдің тіршілігімен тыныстаған адам сол қоғамның сүйкімді тұстарын мұнда да орнатуға тырысып бағады.

Ботагөз Икрамова
Фото жеке архивінен

— Ал қай талабын орынсыз деп ойлайсыз?

— Менің ойымша, жоғары оқу орын тізімін құруда әлі де шикілік бар. «Болашақ» бағдарламасы магистратура үшін де, PhD үшін де бірдей университеттер тізімін ұсынады. Бұл факт талапкерлердің таңдауын шектейді. Мысалы, тізімде АҚШ-тың ТОП-20 университеті болса, оның кемі 7-8-і – әлгі тізімнен мүлдем түспейтіндер. Мамандығыңызды олар магистратура бағдарламасы бойынша емес, PhD бағдарламасы бойынша оқытуды тиімді санауы мүмкін (сәйкесінше сіздің мамандық бойынша магистратура бағдарламалары өте аз немесе тіпті мүлдем жоқ). Ал бұл магистратура бағдарламасы бойынша оқуы басталатын талапкер ретінде таңдауыңыздың аясын тарылтып тастайды. Сондықтан әр бағдарлама үшін әртүрлі университет тізімін құрастырған орынды сияқты.

Тағы оқыңыз: Нұрбек Матжани: АҚШ-та басшы қызметіндегі адамдар өте қарапайым