Ақпарат пен мәдениет министрлері Ескендір Хасанғалиевтің отбасына көңіл айтты

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Ескендір Хасанғалиевтің бүкіл саналы ғұмырын қазақ ән өнері жолына арнаған біртуар дарынды да дегдар жан екенін Facebook-парақшасында жазды.

Өнер саңлағы өмірінің соңғы сәтіне дейін руханият жолына ерінбей еңбек сіңіріп, халқына қалтқысыз қызмет етті. Ағамыздың ән әлемінің шоқжұлдызы ретіндегі біртуар болмысы мен жарқын бейнесі, шырқаған әндері мен ұлттық өнер қазынасына қосқан музыкалық туындылары халқының жүрегінде өнер қазынасының тозбас жауһары ретінде мәңгі сақталатын болады. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын, — делінген жазбада.

Ал Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту хатында композитордың «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» өзге де әндерін білмейтін қазақ жоқ екені жазылған.

Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. Тағы бір дархан жүректі халқымыздың дара перзентінің жүрегі тоқтады. Бар болмысы елім деп жырлайтын Ескендір ағамыз көш-керуенге ілесіп, келместің кемесіне мініп арамыздан кете барды деген суыт хабарды естіп, қабырғам қайысып отыр. Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал əнші, композитор, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Отан» орденінің, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Ескендір Хасанғалиевтің қайтыс болуына байланысты Хасанғалиевтер əулетінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Ескендір Өтегенұлы ғибратты ғұмырын əн мен саз əлеміне арнап, қазіргі қазақ эстрадасының негізін қалаған ағзам өнер иесі, отбасы мен ортасына қорған болған абзал азамат еді. Ағамыздың «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» өзге де әндерін білмейтін қазақ жоқ. Шет мемлекеттерде де тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген туындылары біздің арамызда мəңгі өмір сүреді. Мәнерлі музыкасымен өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы қазақ мəдениетінің құнды қазынасы. Өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, — делінген Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту жеделхатында.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Ақтоты Райымқұлова (@aktotyraiymkulova)

Еске салайық, бүгін әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев 81 жасында қайтыс болды. Бірнеше күн бұрын марқұмның ұлы Біржан Хасанғалиев ата-анасының коронавируспен ауырып, жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған еді.