Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлады.
Отан соғысының ардагері Николай Дёмин коронавирусқа қарсы екпені Петропавлдағы № 2 қалалық емханада алған. Оның екпе алғанына бүгін үшінші күн.
Емханадан хабарласып, вакцина салдыруға шақырды. Алғашқы екі күн өзімді жайсыз сезіндім. Басым ауырды, әлсіздік болып, жаттым. Мамандар аздап ауыруың мүмкін деп ескертті. Ал бүгін өзімді жақсы сезініп тұрмын. Еш жерім ауырмайды. Екпе алғаныма қуаныштымын, енді ауырсам да жеңіл өтеді. Сондықтан барлығын вакцина салдыруға шақырамын, — дейді соғыс ардагері.
Николай Дёмин 1943 жылдың қазанында 18 жасында әскер қатарына алынып, жарты жылдан кейін майданға аттанған. Жаяу және танк әскерлері құрамында соғысқан жауынгер жеңісті Литва жерінде қарсы алыпты. Майданда екі рет жарақаттанған. Ал соғыстан соң зейнет демалысына шыққанға дейін «Есіл су» кәсіпорнында еңбек етті.
Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде бүгінге дейін 28 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Оның 7 мыңға жуығы толық вакцинациядан өтті.
Мамандардың айтуынша, жалпы коронавирус жұқтырғандардың 30%-і, яғни 4 158 адам – 60 жастан асқандар.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттің 90 жастағы тұрғыны коронавирусқа қарсы вакцина салғызғанын хабарлаған едік.