Журналист сұхбат барысында Жанболат Мамайдың 2019 жылы 16 қазанда айтқан «Партия жастардікі болады. Қазір көп жаспен кездесіп жатырмыз. Қолдаушылар саны көп. Nur Otan-ды тас-талқан етіп жеңетін партия құрамыз» деген сөзін келтіреді.
Сонымен қатар депутат блогердің «Жанболат мырзаға қатысты өткір сөйлеп отырғаныңыз сол партияңыз үшін намыстанғаныңыз емес пе?» деген сұрағына да жауап берді.
Әрине, енді ол тек партияның басшылығына қатысты мәселе емес, мен партияның мүшесімін. Әрине, бұл — жала. Тас-талқан ететін болса, қайда жүр? Черчилльдің жақсы сөзі бар: «Жаңалық пен өзгерістерді жасау керек, ал оларды талқылаушылар әрқашан көптеп табылады». Олар талқылау деңгейіне жете алмай жатқан жігіттер ғой. Тек жала жауып, «біз үйтеміз, біз бүйтеміз» дейді. Кешегі Бауыржан Байбек жайлы шыққан ақпаратына Байбектің сүбелі, жүйелі, әр пункт бойынша тоқталған жауабына бәріміз куә болдық, қоғам да куә болды. Одан кейін де жеке басқа өтіп, «Мен сені митингіде дебатқа шақырамын» дейді. Сасқан үйрек артымен жүзедінің кейпі ғой. Қандай дебат? Адамға жала жаптың ба, енді соттың алдында жауап бер. Айтылған сөз – атылған оқ. Бұл саясаткерлерге де, журналистерге де міндеттеме. Соттың мінберін дебат ретінде пайдаланып, сол жерге дәлелдерін, дәйектерін қаттап, дайындап келсін», — деді депутат.
Сұхбат соңында Елнұр Бейсенбаев Жанболат Мамайды дебатқа шақырып, кез келген тақырыпта сөйлесуге дайын екенін айтты.
Жанболат Мамай, екеуіміз бірге дебатқа шығайық. Белгіленген тақырыпта мәселелерді көтерейік. Жалған сөз, жалған ақпарат емес, шынайы, жүйелі ашық форматтағы, жақсы дебат болатынына сенімім мол, — деді Елнұр Бейсенбаев.