Басты бетБілімДокторанттардың диссертация...

Докторанттардың диссертация жұмысын қорғауына қатысты ереже өзгерді

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парағында жазды.

Диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді. Бұл – ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен бір жылдан астам уақыт бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесі, — деді министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, диссертация жұмысын қорғауға қатысты бірнеше ережеге түзету енгізілді. Мәселен,

  1. Енді диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибені ескере отырып жасақталады. Докторанттың зерттеу тақырыптары әралуан болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің жартысы уақытша тағайындалады.

Енді кеңес мүшелері, қорғау қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады.

Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді. Сонымен бірге енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысады.

  1. Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауға тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарды. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс өткен жылы енгізілген еді.

Биылдан бастап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады.

Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек.

Дегенмен, бұл балама әдіс ретінде пайдаланылады. Докторант бұрынғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады.

  1. Ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.

Яғни диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Ендігі кезекте ғылыми және академиялық қауымдастықты белсенді болуға шақырамын. Енді кез-келген ғылыми зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра аласыздар, — деді Асхат Аймағамбетов.

  1. Докторанттың диссертациясы толық дайын болған кезде кафедраның кеңейтілген отырысында ғылыми жұмыс бір рет талқылаудан өтеді.

Негізгі талқылау жұмыстары диссертацияны қорғау кезінде жүргізіледі. Осылайша қорғау сапасы жақсарып, диссертациялық кеңестердің жауапкершілігі артады.

  1. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары үшінші жыл қатарынан PhD дәрежесін өздері тағайындап, жеке үлгідегі дипломдар беріп жатыр. Енді ұлттық жоғары оқу орындары докторанттардың жарияланымдарына өз шешімдері бойынша, қосымша, жоғары талаптар қоя алады.
  2. Енді ел азаматтары диссертацияны онлайн форматта қорғай алады.

Бұл – әлем бойынша кеңінен пайдаланылып жатқан тәжірибе. Пандемия кезінде Калифорниядағы Беркли университеті, Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да оқу орындары алғашқылардың бірі болып диссертацияны қорғауды онлайн форматта өткізген еді.

Ведомство басшысы бұл өзгерістерге дейін қабылданған қосымша талаптар туралы да айтты.

Асхат АЙмағамбетовтың айтуынша, өткен жылы жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары нормативтік құжаттарда бекітіліп, жарияланымдарға қойылатын талаптар күшейтілді.

Сәкесінше, отандық ғылыми журналдар да контент сапасына ерекше назар аудара бастады. Бұл шешім былтыр сәуір айында қабылданғанымен, журналдарға қойылатын жаңа талаптар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, — деп жазды министр Facebook-парағында.

Яғни, баспаларға өз журналдарын жаңа сапалы талаптарға бейімдей алуы үшін жеткілікті уақыт берілді.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті қабылдаған басылымдарының жаңа тізіліміне 31 журнал кірді. Бұл журналдардың қатары әлі де артады, — деді министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуына қарағанда, енгізілген жаңа өзгерістер диссертациялық кеңестер жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға негіз болады.