Қазақ түсті кімге айтқан?
Түс жақсы әлде жаман, қорқынышты не қуанышты болсын, оны тек жақсыға жорыған. Қазақ жорылмаған түсті «Қыл көпірдің үстіндегі балықсыз көл сияқты» деп сипаттайды. Кім қалай жорыса, солай ауып кетеді деп сенеді.
Түсті әрдайым жори алатын, оның мағынасын түсінетін, тәжірибесі бар адамға жорытады. Оны жақын, жанашыр ата-апаларға, ересектерге немесе ауылдағы түс жоритын білімді, ғылымнан хабары бар адамдарға айтады. «Түс — Алладан келген аян» деп түсінеді. Қазақ қоғамында имани түс, қияли түс, шайтани түс секілді түстің бірнеше түрі болған, — дейді этнограф.
Қазақ түсінде тауда жүрсе, ат мінсе, аспанда ұшса, әдемі киім кисе, жақсы адамдардың ортасында жүрсе, онда арман-мақсаты орындалады, ісі алға жүреді, жолы болады, бағы ашылады деп қарайды. Алайда аттан, түйеден, таудан, биіктен құласа, мұны да жаманға баламайды. Этнографтың айтуынша, мұндай түстерді де «Бойындағы жамандық кетіп, жақсылығы өзінде қалады» деп жорыған.
Кейде адам ауырып, шаршап, қажып жүргенде қорқынышты түстер көреді. Түсті «рухани әлемнің хабаршысы» деп те айтады. Кез келген түсті жақсыға балап, түс мәтінін білетін адамға жорытатыны да осыдан, — дейді ол.
Мысалы, жекпе-жекке түсетін батырлар түсінде жаудан жеңіліп жатса, оны да жақсыға балаған екен. Аңыз бойынша Жәнібек батыр түс көреді. Түсінде қалмақтың батыры Жәнібекті ұрып, кеңірдегіне найзасын тіреп тұрады. Осы түсті екі батыр да көрген деседі. Бірақ қазақтың түс жорушысы «Түстің керісі келеді, сен қалмақты жеңеді екенсің» деп жориды. Ал қалмақтың түс жорушысы «Түсіңде жеңсең, өңіңде жеңілесің» деген көрінеді. Осындай түстен кейін Жәнібек батыр қалмақтың ханын жеңіп шығады.
«Түсті мәтініне қарай жориды» деп осыны айтады. Мұндай жағдайлар, әңгімелер қазақта көп, — дейді «Қазақтың түс жоруы» кітабының авторы Болат Бопай.
Түсті кімге айтпау керек?
Қазақ қоғамында түсті сатып әкететін жағдайлар да болады екен. Түсінде айды, жұлдызды көрсе, оңынан ай, солынан күн шығып тұрса, оны естінен адам «Мына түсіңді маған бер» деп иемденгісі келеді.
Сол себепті түсті құпия ұстайтын жағдайлар да болады. Түсті кім көрінгенге, екінің біріне беталды жорыта бермейді. Өйткені түс — бір тылсым ат. Қанша адам болса, сонша түрлі түс бар, — дейді этнограф.
Түсті қай кезде жорымайды?
Қазақта «Түсті түнде жорымайды, сейсенбі күні жорымайды, түсті білмейтін адамға жорытпайды» деген тыйымдар бар. Жақсы түсті кім көрінгенге хабарлап, сүйінші сұрап айтпайды, өйткені оны құпия нәрсе деп біледі.
Түсті көрген адам да, жорыған кісі де ниеті түзу әрі жақсы нәрсе ойлай алатын жан болғаны дұрыс. Тек жақсы ниет, жылы жүрек болғанда ғана түс жақсы өңіне айналады деп сенеді, — дейді Болат Бопай.
* * *
Тағы оқыңыз: Адам неге түс көреді? Сомнолог-дәрігер түсіндіреді