Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Енді техникалық және кадастрлық паспорттар тек eGov арқылы беріледі

Фото: Baribar.kz
1 маусымнан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты техникалық және кадастрлық паспорттардың телнұсқаларын алу толықтай онлайн форматқа көшеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат порталының мәліметінше, eGov.kz порталында «Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру» және «Кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру» мемлекеттік қызметтері жаңартылған.

Енді азаматтар өтінімді онлайн тапсырып, төлем жасап, дайын құжатты электронды форматта ала алады. Бұған дейін қызмет алушылар төлем жасау және құжатты алу үшін ХҚКО-ға баруға мәжбүр болған. Жаңартылған жүйе бойынша, дайын техникалық немесе кадастрлық паспорттың телнұсқасы eGov.kz порталындағы Жеке кабинетке автоматты түрде жүктеледі, — делінген хабарламада.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, қызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты болады.

Қызметті пайдалану үшін азаматтар eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, қажет қызметті таңдап, жылжымайтын мүлік санатын көрсетіп, төлем жасап, өтінімге электронды қолтаңба арқылы қол қоюы қажет, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар министрлік 2026 жылғы 1 маусымнан бастап бұл қызметтер бойынша өтінімдерді ХҚКО операторлары қабылдамайтынын мәлімдеді. Қызметтер тек eGov.kz порталы мен eGov mobile қолданбасы арқылы көрсетіледі.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру ХҚКО-ларға түсетін жүктемені азайтып, азаматтарға қызмет алуды жеңілдетуге бағытталған.