— Сомнология (медицинаның ұйқы мен түсті зерттейтін саласы — ред.) адамның түс көруін қалай түсіндіреді? Түс деген не?

— Түс деп адам мен жануардың миындағы образдардан пайда болатын сюжет желісін айтамыз. Түс ұйқының белгілі бір кезеңінде пайда болады және оның өз функциясы бар. Ұйқыдағы адамның жұмылған көзі біресе оңға, біресе солға қозғалып жатқанын көрген шығарсыз? Дәл осы кезде ол жарқын, сюжеті қызық түс көріп жатыр деп есептеледі. Адам кез келген ұйқы фазасында түс көруі мүмкін. Бірақ көбіне түс жылдам ұйқы фазасында жүреді.

Түстің функциясына келсек, ең бірінші оның бейімдеу тұрғысынан атқаратын қызметін атап өту керек. Түс адамды өмірде болатын белгілі бір кезеңдерге эмоция жағынан дайындайды. Адамдар әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына қарай әртүрлі түс көреді. Мысалы, Алматы тұрғындары жер сілкінісін жиі көруі мүмкін. Ал ақшасы көп азаматтар сол байлығынан айырылып қалған сәтін көруі ғажап емес. Неге деп ойлайсыз? Миымыз бізді өмірде болуы мүмкін кей жағдайларға дайындайды. Жаңағы мысалдағыдай, түсімізде жер сілкінісін көрсек, сол кездегі эмоцияны да бастан өткереміз, қорқып тұрамыз, аздап қобалжимыз. Ал осы жағдай өңімізде болса, жағдайды өткеру, қабылдау аз болса да, жеңілдейді. Себебі біз мұндай сәтті бұрын бастан өткердік — түсімізде көрдік.

Өмірде мынадай жағдайды байқаймыз: екі адам бірдей оқиғаға бірінші рет тап болды делік. Оның бірі қатты қобалжып, не істерін білмей кібіртіктей бастады. Ал екіншісі жағдайды бірден түсініп, іске көшіп кетті. Себебі оқиғаны тез бағалап, жылдам шешім қабылдаған адам осы жағдайды түсінде көруі мүмкін. Ал оны, яғни түсін ұмытып қалуы не көргенін мүлдем білмеуі де ғажап емес. Бірақ эмоция мидың есінде. Сондықтан адам ситуацияны жеңілірек өткеріп тұр.

— Түсті ненің әсерінен көреміз? Күні бойы көрген-білгенің немесе ойлаған нәрсең түсіңе кіреді дейді. Бұл қаншалық рас?

 — Түстің пайда болуына байланысты бірнеше теория бар. Бірақ бірнәрсені айта кетейін. Түс әлі толық зерттеліп болмаған салаға жатады.

Сомнолог Виктор Хан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Психиатр Алан Хобсонның «Түстің тиімді синтетикалық моделі» деген теориясы танымал. Бұл теория бойынша жылдам ұйқы фазасы кезінде ми қабығында электр шабуылы болады. Осы жалындар ми қабығының белгілі бір клеткаларын оятады, белсеніреді. Дәл осы электр шабуылы кезінде мида образдар пайда болады. Көбіне образдар күні бойы көрген, білген ақпарат негізінде немесе эмоционал жағынан көбірек сезінген, есте қалған сәттерге қарай қалыптасады. Ал ми өзіндегі барлық ақпаратты анализдеп отырады емес пе? Ол жаңағы образдарды да іріктеп, адамға нақты бір сюжет желісін құрастырып береді. Осыған байланысты кейде біз бір-бірімен онша байланыспайтын картиналарды көреміз. Ал кейде нақты сюжет бойынша өрбитін, әжептеуір ұзақ фильм сияқты түс көреміз. Соңғысы — ми жақсы жұмыс істеп, өзінде бар ақпаратқа әдемі анализ жасады деген сөз. Жалғанбай тұрған картиналарды бір-бірімен ұштастырып, әдемі сюжет дайындау — мидың жұмысы.

Осы уақытқа дейін «Адам неге ұйықтайды?» деген мәселе біраз зерттелді, бірақ гипотеза күйінде қалды.

Соңғы дәлелденген теория бойынша бұл мәселені түсіндірейін. Біз күні бойы өте көп ақпарат аламыз, қолданамыз. Тіпті бізге еш қатысы жоқ, көшеде кездейсоқ қарсы кеп қалған адамның қасымыздан өткенін де ми ақпарат түрінде есіне сақтап қалады. Біз оны танымаймыз, түрін де бажайламадық, өтіп бара жатқанына да мән бермедік. Бірақ ми оны қабылдап қойды.

Осындай миллиардтаған ақпараттың бәрі мида бір-бірімен жалғасып тұрады, синтаксис байланысын құрады. Осы синтаксистер байланысқан тұста электр сигналдары болады. Сол электр сигналдарын есте сақтау қабілеті дейміз. Электр сигналдары көп болған сайын ағза сырттан келіп түскен ақпараттың бәрін есте сақтап тұруға көп энергия жұмсайды. Ал кей ақпарат мүлдем қажет емес. Ми оның бәріне энергия тауып бере алмайды. Сондықтан адам ұйықтап, ақпаратты қабылдай алмайтын күйде болғанда ми ішкі жұмысына кіріседі. Күні бойы жиналған ақпаратты сүзгілейді. Біз ұйықтап жатқанда ми нені сақтау керек, ал нені ұмыту қажет екенін шешеді. Бұл теорияны «Ақылды ұмыту» деп те атайды. Осы сәтте, яғни миымыз ақпаратты сүзгіден өткізіп жатқан кездегі сигналдардан пайда болған образдарды түс деп атаймыз.

Сомнология — ең жас ғылымдардың бірі. Мұнда әлдебір долбар-ұсынысты дәлелдейтін, оңай қалыптасқан технологиялар жоқ. Сондықтан осындай теорияларға сүйенеміз.

— Адамдар түс көрмейтінін айтады. Біразы көрген түсін бірден ұмытып қалады. Неліктен бұлай?

— Негізінде адам түсті әр ұйқы сайын көреді. Түс көрмейтін адам болмайды. Адам бір түнде 6-7-ден 16 түске дейін көреді екен. Оның қаншасын есте сақтап қалатыны адамға байланысты. Я бәрін ұмытып қалады, я кейбірін есте сақтайды. Таңертең ояндық, түс көргенімізді білеміз, есімізде тұр. Бірақ жуынып келем дегенше оны ұмытып қаламыз. Бұл — мидың өзіне тән функциясы. Біз күн сайын онсыз да алуан-алуан ақпарат қабылдаймыз. Сондықтан түстегі әр образды, сәтті есте сақтап жүрсек, мұның бәрі энергияны сорады. Сәйкесінше ми қажет емес нәрсені ұмытып, баланс сақтауға тырысады.

Ал түсіңізді есте сақтап қалғыңыз келсе, ояна сала бірден жазып қойыңыз. Әйтпесе, бәрібір ұмытып қаласыз. Бұл — мидың құзырындағы нәрсе.

Көбіне оятқышсыз, сыртқы факторлардың әсерінсіз оянған, асықпай тұрған адам түсін есінде сақтайды. Жай сақтап қоймай, оны қорытады. Ал оятқыш шырылдағанда атып тұратын, бірден асығып, жүгіретін адамдардың есінде ештеңе қалмайды.

Сомнолог Виктор Хан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бір ғылыми жоба аясында адам мен жануарға түс көргізбей, бір апта тәжірибе жасап көрген. Тәжірибе кезінде миға электродтарды орнатып, түс көріп жатқанын білдіретін белсенді электр сигналдарды тазалап отырған. Нәтижесінде ғалымдар түс көруге мүмкіндігі болмаған адамдардың ашуланшақ болып кеткенін, белсенділігін жоғалтқанын байқаған.

— Демек түс көру адамға пайдалы болып тұр ғой?

— Түс көру өте пайдалы, себебі онда өмірде болуы мүмкін жағдайларға бейімделеміз. Ол психиоэмоционал тепе-теңдік болуы үшін қажет. Түс әрдайым позитив нотада бола бермейді. Өмір де сондай, үнемі бақытты сәттерден тұрмайды. Сондықтан белгілі бір кезеңдерден жеңіл өту үшін бізге түс қажет.

— Түс адамның жасына қарай түрлене ме?

— Жасқа байланысты да адамның түсі өзгеріп отырады. Ересектер нақты сюжеті, сценариі жазылған түстер көрсе, балалар көбіне оны картиналар түрінде көреді: «Міне, мен балабақшадамын, мына жерде ойнап жатырмын, ал ана жерде анаммен кетіп барамын» деген сияқты байланыссыз, гиф түрінде жүреді.

Адамның түс көруі оның интеллектісіне қарай әртүрлі болады. Интеллектуал адам айқын түстер көреді, себебі оның образдары басқа. Ал күн сайын бірсарынды жұмыс істейтін адам қарапайым түстер көреді. Оның образ қоры аз әрі өте қарапайым. Кей адам ұйқыдан тұрып, өмірде танымайтын, жоқ адамды көргенін айтады. Негізі олай болуы мүмкін емес. Біз түсімізде өмірде жоқ, мүлдем болмаған адамды көрмейміз. Түсімізде біреуді көрсек, демек оны өмірде де кездестіргенбіз. Тек есімізде қалмаған шығар. Ми өзіне белгісіз бірдеңені ойдан шығармайды.

Ал түстің түрлі-түсті болуы адамның әлдебір образды бейнелеуіне, суреттеуіне байланысты болуы мүмкін. Жылдам ұйқы фазасында адамдар көбіне реалға ұқсас, түстері анық образдар көреді деп есептеледі. Бірақ адам тек түрлі-түсті образдарды көреді дей де алмаймыз. Мысалы, зағип жандар, бояу мен реңкті ажырата алмайтын дальтониктер де түс көреді. Ақпарат деген тек көзбен көретін нәрсе емес қой.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Түстің нақты ұзақтығы бола ма?

— Айту қиын. Себебі түсті қай ұйқы фазасында көргенімізге де байланысты. Мысалы, жылдам ұйқы фазасы 27 минутқа cозылады десек, түс осынша минутқа созылуы да, созылмауы да мүмкін.

— Түстің қандай түрлері бар?

— Түстің бірнеше түрі бар. Сәйкес түстер туралы айтқым келіп отыр. Себебі біз көбіне болжағанды ұнатамыз ғой. Сәйкес түс дегеніміз — түсімізде көрген нәрсені өмірде де кездестіру. Кейде бір оқиғаны бұрын бір жерден көрген сияқты сезімде қаламыз. Негізінде біз сол жағдайды түсімізде көрген болуымыз мүмкін, тек ұмытып қалғанбыз. Осыны кездейсоқтық, сәйкестік дейміз. Бірақ мұндайды болжау немесе аян дей алмаймыз. Бір жағынан адам бір түнде бірнеше түс көреді. Cосын «Неге оның бәрі өмірде болмайды, кездеспейді?» деген сұрақ туады. Кейде ми өзіндегі ақпараттарға байланысты белгілі бір қорытынды шығарады. Мысалы, ол «Мына уақытта мына жерде болуым керек, ана уақытта пойызға кешікпеуге тиіспін» деген ақпараттың бәрін есте сақтайды да, түсінде пойызға кешіккенін көреді. Ми жай ғана осындай сюжет дайындады.

Өзінен-өзі жүзеге асатын түстер бар. Мысалы, бір қыз түсінде ресторанға барғанын, сол жерде сымбатты жігітпен танысқанын көреді. Әрі қарай отбасын құрды, бәрі күшті аяқталады. Сосын ол романтикалық көңіл-күймен, «жақсы түс көрдім» деген оймен оянады. Бір кезде құрбысы «Ресторанға барып қайтайық» дейді. Сонда ол «Мұны түсімде көрдім ғой, онда кеттік» деп келіседі. Ал ресторанда бір жігіт оған көз қырын салса, қыз тағы да «Түсімде осы жігітті көрдім» деп ойлайды да, танысады. Демек бұл адам жақсы түс көріп, сол түстің желісімен жүргісі келеді. Тіпті кейін болған оқиғаның бәрін «түсімде көрдім» деп айтуы мүмкін. Негізінде ол жай ғана түсіне сүйеніп, әрекет етті.

Ауытқымалы (аномаль) түстер де бар. Оларды ғылым әлі зерттей алған жоқ, неден болатынын білмейміз. Мысалы, анасы ұзақ уақыт араласпай кеткен, көрмеген, ойламаған баласының бір жағдайға ұшырағанын түсінде көреді. Сосын осы оқиға өмірде болады. Тағы бір мысал айтайын. Бір жігіт түсінде ұшақ құлағанын көреді, ертеңіне немесе бірнеше күннен соң жаңалықтарда әлемнің басқа бір бөлігінде шынымен самолет апатқа ұшырағанын естиді. Бірақ ғылым мұндайды әлі түсіндіре алмайды, байланысын білмейді. Қуалап келсең, түбінде бұл да сәйкес түстер қатарына жатады, бірақ оны ғылым анықтай алмағандықтан ауытқымалы деп атап келеді.

Сомнолог Виктор Хан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Адамның түс көріп жатып, кенеттен оянып, бастырылып қалуы неден болады?

— Ұйқыдағы адамның бүкіл бұлшықеті босаңсиды, демалады. Солай болуы да керек. Керісінше болса және түсімізде, мәселен, секіріп жүрсек, онда оянбаған күйі өзіміз де секеңдеп кетер едік.

Ағзасында белгілі бір ақауы бар адам ұйқыға кеткенде бұлшықетін босата алмайды, нәтижесінде тұрып, жүріп, түсінде жасап жатқан әрекетті қайталайды. Яғни бұлшықеттің босаңсуы — ағзаға, оның тынығуына керек процесс.

Бірақ кейде адам кілт оянып кетеді және денесін қозғалта алмай, сөйлей алмай қалады. Себебі бұлшықетке ояну туралы сигнал әлі жетпеді. Түпсана оянып қойды, бірақ бұлшықет әлі босаңсып тұр. Белгілі бір уақыт өткен соң барып ми адамның оянғанын түсініп, оны жылдам ұйқы фазасынан шығарады, сосын бұлшықет те тонусқа келеді.

Адамның оянуы мен бұлшықет қызметінің қалыпқа келуі арасындағы сәт бастырылу деп аталады. Бастырылып қалу қорқатын нәрсе емес. Мұндайды болдырмау үшін арнайы бірдеңе істеудің қажеті жоқ. Тек бастырылып қалғанда көзге жаттығу жасауға болады. Оянып, қозғала алмай қалғаныңызды түсіндіңіз бе? Паникаға бой алдырмай, көзіңізді оңға-солға, төменге-жоғарыға қозғалта бастаңыз. Сосын бетті қозғалтып, ауызды ашып, мимика жасауға тырысыңыз. Осылайша бұл сәттен тезірек шығуға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Адам түс көріп жатып, оянып кетті делік. Ол қайта ұйықтап, жаңағы түсті жалғастыра ала ма?

— Жалғастыра алады, тек қаншалық тез ұйықтап кете алатынына байланысты. Түсті есінде ұстап, ойлап, тезірек ұйықтап кетсе, сюжеттің әрі қарай жалғасын көре алады. Бірақ бұл үнемі бола бермейді. Біріншіден, түсті қай фазада көрді, сол ұйқы фазасына жетуі керек. Сонымен қатар  бұл мидың жұмысына байланысты. Ми сол сюжетті ұсынса, түсті жалғастыра аламыз.

— Ал түс жоруға байланысты ғылым не дейді?

— Түс жоруды ғылым жоққа шығарады. Кейде біздің жүрек түкпірінде жатқан, ешкімге айтпайтын арман-қиялымыз түске енеді. Түс – өмірде қалаған нәрсеміздің жасырын образдары. Түстің осындай да анықтамасы бар. «Осы түсті бекер көргем жоқ, ол бірнәрсені білдіреді» деп есептесеңіз, онда бұл сіздің ішкі қалауыңыз болуы мүмкін. Мысалы, психоаналитикпен сөйлесіп отырсыз. Оған түсіңізді айтып бердіңіз. Маман түске қарап, сіздің нені уайымдап жүргеніңізді шамамен болжады. Бірақ бұл нақты нәрсе емес қой. Ұйықтап жатқанда көрген образдар — жай ғана түс. Оны ойлаудың, қорытынды шығарудың қажеті жоқ. Әрине, түсін жори ма, жорымай ма — бұл адамның өз шешімі. Тек қатты берілудің, аса сенудің қажеті жоқ дер едім.