Еліміздегі колледждерде оқу мерзімі қысқарады

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында айтты.

Оның айтуынша, колледждерде оқытылатын білім бағдарламалары жұмыс берушілердің қатысуымен жетілдіріледі, жаңартылады және нарықтағы сұраныс пен талаптарға сәйкес икемделеді.

9-сыныптан кейін колледжге оқуға түскен студенттер үшін оқу мерзімі бұрынғыдай 3,5 жыл емес, 2 жылға дейін қысқарады, — деді Асхат Аймағамбетов.

Ал 11-сыныптан кейін колледжге түскендер бұрынғыдай 2,5 жыл емес, 1,5 жыл оқиды.

Колледж, білім
Иллюстрация: Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі

Ведомство басшысы колледждердегі білім беру гранты кезең-кезеңмен көбейетінін, сонымен бірге биыл бірнеше колледжде инфрақұрылым мәселесі шешілетінін айтты.

Биыл «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Жобаның қорытындысы бойынша әрбір өңірде материал-техника базасы, жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары бар кемінде 7 заманауи колледж жұмыс істейтін болады, — деді министр.

Айта кетейік, Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында биыл елімізде апатты және үш аусымды мектептердің мәселесін шешу үшін 200 мектеп салынатынын айтқан еді.