Қазақстанда апатты және үш ауысымды қанша мектеп бар?

Ведомство басшысының айтуынша, министрліктің маңызды бағыттарының бірі инфрақұрылым мәселесін шешу үшін 800 мектеп салу жоспарланған. Биыл оның 200-і салынады.

Қазіргі уақытта елімізде 34 апатты және 137 үш ауысымды мектеп жұмыс істейді.  Болжам бойынша, 2025 жылға қарай орын тапшылығы шамамен 670 мың орынды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін 800 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. 2021 жылы 200 жаңа мектеп пайдалануға беріледі, — деді Асхат Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі қазіргі уақытта әкімдіктермен бірлесіп 800 мектепті салудың Жол картасы жасалып жатқанын айтты. Ол үшін 4 механизм қолданылады: мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдану, жекеменшік мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс, модульдік конструкциялардан мектептер салу.

Сонымен бірге алдағы уақытта 5000 мектептің инфрақұрылымы жаңартылады.

Бұл – балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдайларды жасау, жоғары жылдамдықты интернетпен, пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, күрделі және кешенді ағымдағы жөндеу жүргізу. Биыл аталған жұмыс 1000 мектепте жүргізіледі, — деді министр Үкімет отырысында.

Асхат Аймағамбетов сонымен бірге кейінгі екі жылда елімізде 41 мың оқушыға арналған 126 жекеменшік мектеп ашылғанын айтты.