Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы ашылды

Сарайдың ашылу рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, бокстан Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр мен оның әкесі әрі бапкері Марат Елеусіновтер қатысты.

«Тәуелсіздігіміздің торқалы тойына орай облыс орталығында аса маңызды әлеуметтік және спорттық нысан — оқушылар сарайы ашылып отыр. Бұл — өңір жастары мен оқушылары үшін көптен күткен ерекше оқиға. Қазіргі заман талаптарына сәйкес салынған сәулетті ғимаратта жеткіншек ұрпаққа қосымша білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан даңқты спортшымыз Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығында балғын жастар жаттығып, өз шеберлігін шыңдайтын болады. Олардың арасынан Данияр сияқты болашақта ел намысын қорғайтын спортшылар өсіп шығарына сенім мол», — деді Алтай Көлгінов.

Оқушылар сарайында кітапхана, зертхана, көрме және концерт залдары, асхана, жеңіл атлетика залы, мұз айдыны, планетарий, обсерватория, бассейн және басқа да орындар бар. Кең залдың бірінде Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығы орналасқан. Осында Олимпиада чемпионы өзінің алғашқы шеберлік сағатын өткізді.

Оның құрылысына 3 миллиард теңге жұмсалды.

ДереккөзҚазАқпарат