Елімізде Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылды

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ведомство Арменияның уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және 2020 жылғы 1 ақпанға дейін Қазақстанға әкелінген көлік құралдарын тіркеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта тіркеу шартына сәйкес 20 мыңнан астам автомобиль есепке қойылды, — делінген хабарламада.

Армения, көлік
Фото: Ішкі істер министрлігінің баспасө қызметі

Сонымен бірге 1 мыңнан астам автокөлік иесіне автомобильдерін тіркеуге немесе оларды елден тыс жерлерге әкетуге мүмкіндік бермеген бірнеше объектив себеп бар. Атап айтқанда,

  • Күрделі эпидемиология жағдайына және карантин шектеуінің ұзаққа созылуына байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өту қиындағандықтан автокөлікті Арменияға қайта апару проблемалары туындады.
  • Карантинге және аккредиттелген зертханалардың барлық өңірде болмауына байланысты кейбір автокөлік иелері қайта жабдықталған автомобильдерді уақтылы сынақтан өткізе алмады.
  • «Қаржы пирамидалары” бойынша қылмыс істерін тергеуге байланысты иелерінің басым бөлігі адал сатып алушылар болатын бірнеше автомобильді (автокөлік ломбардтардағы, микрокредит ұйымдардағы кепілдік мүлік) пайдалану шектелген.

Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет биылғы 27 ақпанда автомобильдерді тіркеу мерзімдерін 2022 жылғы 1 наурызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады (Үкіметтің №104 қаулысы).

Осылайша, Арменияда тіркелген және біздің елге 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарының иелері – Қазақстан азаматтарына автомобильдерін есепке қою мәселелерін шешу үшін қосымша уақыт берілді.

Сонымен бірге қазіргі уақытта Армения Үкіметімен келісім бойынша Қазақстанда тіркеуден өткен осындай автомобильдердің иелерін Армениядағы салық міндеттемелерінен босату туралы үкіметаралық келісім ішкі және мемлекетаралық рәсімдерден өтіп жатыр.

Бұл шаралар автокөлік иелері үшін (Армения мен Қазақстанда) «қосарланған» салық салуды болдырмауға бағытталған.

Мемлекеттік органдар Қазақстан Үкіметінің аталған шешімдерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдайды.