«Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылдау 10 наурызда басталады

14 миллиард теңге қала бюджетінен, 4 миллиард теңге «Отбасы банкі» акционерлік қоғамынан қарастырылған.

Бұл туралы Алматының тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

Оның айтуынша, 2021 жылы қалалық «Алматы жастары» тұрғынүй бағдарламасына құжат қабылдау 10 наурызда басталады.

«Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несие беру бағдарламасына өтініштер мен құжаттарды қабылдау 2021 жылдың 10 наурызынан бастап 31 наурызға дейін (31 наурыз қоса есептеледі) жүргізіледі, — деді Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары.

Сонымен бірге Ермек Әміров 2020 жылы тұрғынүй алу үшін резервке енген азаматтар жолдама алғандар тізіміне автомат өтпейтінін, биыл қайта конкурсқа қатысуы керек екенін айтты.

Ермек Әміров,
Ермек Әміров. Видео скрині

«Алматы жастары» тұрғынүй бағдарламасына денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала сонымен бірге құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысады.

Ермек Әміров биыл бағдарламаға қатысуға құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаңадан қосылғанын айтты.

Былтыр құқық қоргау органдары тарапынан осы сұрақ туындады. Алматы — үлкен қала. Полиция департаменті анализ жүргізген. Нәтижесінде 35 жасқа толмаған мыңға жуық полиция қызметкері бар екен. Олар да осы бағдарлама арқылы үй алғысы келеді. Сондықтан биыл бұл тізімге полиция қызметкерлері қосылды, — деді ол.

Видео скрині

«Алматы жастары» бағдарламасының шарттары:

• Бюджет – 18 миллиард теңге;

• Қарыздың ең жоғары сомасы — 18 миллион теңгеге дейін;

• Процент мөлшерлемесі – 5%;

• Бастапқы жарна — 10%;

• Бастапқы және қайталама тұрғын үй алу мүмкіндігі;

• Қамту — 1000 адам.

Талаптары:

  • Қазақстан Республикасының азаматы;
  • Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда), өтініш беру кезінде жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан (бар болса). Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
  • Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғынүйдің, сонымен бірге Қазақстан аумағында кейінгі 5 жыл ішінде тұрғынүй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы.
  • Қатысушы кем дегенде кейінгі 6 ай Алматыда ресми жұмыс істеуі керек, міндетті зейнетақы мөлшерлемесі болуы қажет.
  • Алматыда тіркелген, жарты жылдан кем емес мерзімде әрекет ететін Жеке кәсіпкерлік (бұл талап мәдениет саласындағы өзін өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға ғана қатысты).

Өтініш берушілердің тізімі балдық жүйені ескере отырып санаттар бойынша қалыптастырылады (балдардың ең көп саны бойынша)

Видео скрині

Өтініш пен құжаттарды беру almaty-zhastary.kz сайтында электрон цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асырылады, оны ХҚКО-нан немесе Egov.kz-тен алуға болады.

Айта кетейік, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев 17 ақпан күні тұрғындарға есеп беру кездесуінде «Алматы жастары» тұрғынүй бағдарламасы жалғасатынын айтқан еді.