«SMS-хабарлама жібереді». Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл көктемде 18-27 жас аралығындағы 13 500-ден астам азамат мерзімді әскери қызметке қабылданады.

Олар Қарулы күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады. ведомство әскерге шақыруды ағымдағы жылдың бірінші шілдесінде аяқтауды жоспарлап отыр, — делінген министрлік таратқан хабарламада.

Әскерге шақыру
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты алдын алу шаралары қабылданды.

Осы ретте әскерге шақырылушылардан екі рет, яғни, әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімге келген кезде жинау пункттерінде ПТР-талдама алынады. Жаңа шақырылушыларға вакцина салу қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады.

Сонымен бірге ведомство биыл әскерге шақыру барысында азаматтарды хабардар етудің жаңа тәсілі қолданылатынын хабарлады.

Пандемия жағдайында қарым-қатынасты азайту үшін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 сервис қызметі пилот режимінде SMS-хабарлама жібереді.

Барлық әскерге шақыру жұмысы барынша ашық түрде ұйымдастырылды. Осы мақсатта жергілікті әскери басқару органдары әлеуметтік желілерде пошта жәшіктері мен ресми аккаунттар құрды.

Әскери қызметке шақыру тәртібі жөнінде білу үшін Қорғаныс министрлігінің сall-орталығына 8 (7172) 72 10 83, 72 16 06, 72 13 89; 72 13 82 телефондары арқылы хабарласуға болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Қарулы күштері бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің аға офицері әскерден жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын хабарлады.

Сонымен бірге әскери қызметтен кімдер босатылатынын және кімдерге кейінге қалдыруға болатынын жазған едік.