Ресейде «Спутник V» вакцинасының құны екі есе арзандады

Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

Бұрын вакцинаның екі сыңары 1 942 рубльге (10,9 мың теңге) сатылса, енді құн салығын есепке алмағанда 866 рубль (4,8 мың теңге) болды.

Өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров бағаның төмендеуіне вакцинаны өндіру технологиясын әзірлеу мен оңтайландыру, сонымен бірге Ресей халқын жаппай вакцинациялауға байланысты өндіріс көлемінің едәуір өсуі себеп болғанын айтты. Оның айтуынша, баға барлық өндіріс алаңына бірдей.

Вакцина өндірісі отандық дәрі-дәрмек өнеркәсібіне мемлекеттің әлеуметтік тапсырысы. Тіркелген шекті сату бағасы Ресейдің ауқымды мемлекеттік иммундау бағдарламасындағы вакцинаға ғана қолданылатынын ескертемін, — деді Денис Мантуров.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы 2021 жылдың 15 ақпанында ресми тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің сараптама комиссиясы ресейлік вакцинаны қауіпсіз, сапасы мен тиімділігі жоғары деген қорытынды шығарды.

Бұған дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағандыда өндірілген «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы шығарылып, өңірлерге жөнелтілгенін мәлімдеген еді. Ақпанда Қарағандыда вакцинаның 90 мың дозасын, наурызда — 150 мың, ал сәуірден бастап өндіріс көлемін 600 мың дозаға дейін жеткізу жоспарланды.

ДереккөзTengrinews.kz