Қазақстанда «Спутник V» вакцинасы ресми тіркелді 

15 ақпанда министрліктің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының қорытындысы негізінде «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасына тіркеу куәлігі берілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны қолдануды мақұлдаған 27-ші мемлекет.

Вакцинаны тіркеу нәтижесінде коронавирус инфекциясының алдын алу үшін халықты жаппай вакцинациялауға және ұжымдық иммунитет қалыптастыру процесін жеделдетуге мүмкіндік туады, — деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы дайындаған «Спутник V» вакцинасы Ресейде 2020 жылдың тамыз айында тіркелген.

Министрліктің баспасөз қызметі Ресей мен Қазақстан арасындағы үкіметтік келіссөздер нәтижесінде «Спутник V» вакцинасын елімізде өндіру туралы келісімге қол қойылғанын, вакцинаның өндірістік және технология процесі жартылай Қарағанды фармацевтикалық кешені базасына ауыстырылғанын хабарлады.

«Гам-КОВИД-Вак» – бұл адам үшін патогенді SARS-CoV-2 вирусы пайдаланылмайтын биотехнологиялық жолмен алынып біріктірілген векторлық вакцина. Препарат екі компоненттен тұрады, әрқайсысының құрамына адам аденовирусы негізіндегі рекомбинантты аденовирустық вектор кіреді. «The Lancet» журналы жариялаған деректерге сәйкес, вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі 91,6% құрады, — делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Вакцина 18 жастан асқан азаматтарды коронавирус инфекциясына қарсы профилактика мақсатында салынады.

Бірінші кезеңде коронавирус ауруын жұқтыру қауіпі жоғары топтар, яғни медицина қызметкерлері екпе салдырады. Ал наурыз айынан бастап педагогтар мен әскери қызметкерлерге вакцина егіледі.

Вакцинациядан қорғаныс әсері бірінші дозадан кейін 12-14 күнде байқалады, толық иммунитет қалыптасу үшін араға 21 күн салып екінші доза қабылдау керек. Вакцина курсы аяқталғаннан кейін 1,5 ай ішінде ағзада иммундық реакция пайда болады, сондықтан вакцина салдырғандар алдын алу шараларын сақтауы қажет, — делінген хабарламада.

Алдын ала есептеулер бойынша ақпан айының соңына дейін еліміздің барлық өңіріне Қарағандыда өндірген «Спутник — V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинация басталды.