Жамбыл облысындағы бес баланың қазасы: ата-анасына пәтер берілді

Жаңатастағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасына Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан жан-жақты материалдық, психологиялық, дәрігерлік қолдау көрсетіліп жатыр.

Жерлеу рәсімін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған. Қоғамдық ұйымдар, демеушілермен 3 млн теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді, — делінген Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын көмек ретінде жолдайтын болды.

19 ақпан күні Жамбыл облысы Жаңатас қаласында бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерлердің бірінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы қаза болды. Олар – кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған балалар.

Алдын ала мәлімет бойынша, пәтердегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне от түсуінен болған.

Одан кейін Жаңатастағы өртенген пәтерің көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді.