Федерацияның кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда жиынға қатысушылар көркем гимнастика федерациясының басшысы қызметіне Әлия Юсупованы таңдады. Бұл туралы ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мен үшін де, басқалар үшін де күтпеген жағдай болды. Бұл тағайындау жұмысымдағы жаңа кезең. маған сенім артқан мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, сонымен бірге он жыл көлемінде федерацияны басқарған Үміт Шаяхметоваға алғыс айтамын, — деді Әлия Юсупова.
Әлия Юсупова көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері қызметін қатар алып жүреді. Оның айтуынша, жаңа жұмысы қоғамдық қызметке жақын.
Біздің мақсатымыз айқын – еліміздегі спортты дамытып, жақсы нәтиже көрсету. Әрине, алғашында оңай болматынын түсініп тұрмын. Дегенмен, менің тәжірибем, білімім мен күш-қуатым, сонымен бірге федерация мүшелерімен тығыз байланысым көп сұрақтың шешімін табады деген ойдамын. Біз бірлесе отырып, федерациямыздың құрамындағы әрбір спортты дамытамыз, — деді ол.
Айта кетейік, Әлия Юсупова 1984 жылы 15 мамырда Шымкентте дүниеге келген. 2004 жылы Афинада, 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан. 2000-2009 жылдары Қазақстанның абсолют чемпионы болды. 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарының вице-чемпионы және 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарының жеңімпазы.
2004 жылы Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» орденімен марапатталған.